Қарағандыда қазақстандықтар мен ел билігін қарата боқтық сөз айтқан тұрғын "араздық қоздыру" ісі бойынша ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Азаттыққа Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады.
"Полиция қызметкерлері видео түсірген адамды анықтап, полиция бөлімшесіне әкелді. Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынына Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздық қоздыру) бойынша іс тіркелді. Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр" деді департамент.
"Вечерняя Караганда" телеграм каналының жазуынша, ер адамның қазақстандықтар мен ел билігіне қарсы видеосы Tik Tok желісіне жарияланған. Ер адам видеосында Ресейдің Украинаға соғысын және Ресей президенті Владимир Путинді қолдай сөз сөйлейді. Қазір видео мен фото желіден жойылған.
Сондай-ақ осы айда Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті Путинді "президентіміз" деп атаған, ал Солтүстік Қазақстанды "Ресейдің байырғы жері" деген екі әйелмен «сөйлескені» хабарланды.
Бұл – Қазақстанда Ресейдің әскери агрессияы мен сепаратизмін қолдаған алғашқы оқиға емес. Тамызда Қарағанды облысы Саран қаласында қаладағы танкі ескерткішіне Z таңбасын (Ресейдің Украинадағы соғысының белгісі) салып кеткен тұрғын жеті күнге қамалған еді.
Қазанның басында Оралда желіде "Қазақстанның кейбір қалаларын Ресейге беру керек" деп жазған тұрғынға іздеу жарияланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарағанды облысында танкіге Z таңбасын салған адам жеті күнге қамалды