Ресей Украинаға басып кірген соң Батыс елдерінің санкциясына іліккен ресейлік олигархтар жүздеген миллиард долларды сыртқа шығарып, батыстағы инвестицияларын Ирландия теңізі Мэн аралындағы офшорлар желісінің көмегімен жасырған. Бұл арал Ирландия мен Ұлыбританияның ортасында орналасқан.
The Wall Street Journal жүргізген зерттеуде осындай мәлімет жарияланды. Ақша жасырудың осы әдісіне жүгінгендер арасында Әлішер Османов, "Ростех" басшысы Сергей Чемезов, Дума депутаты Андрей Скоч және президент Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бар.
Зерттеушілер Мэн аралында тіркелген Bridgewaters компаниясы ресейлік олигархтарға батыс санкцияларын айналып өтуге, активтері мен инвестицияларын жасыруға көмектесті деген қорытынды жасады. Bridgewaters тұтастай "корпоративті империя" құрған. Компания инвестицияларды Meta Platforms, Twitter және Airbnb секілді америкалық технологиялық компанияларға, сонымен бірге Еуропа елдеріндегі жылжымайтын мүліктерге салған. Airbnb Ресей үкіметіне бақылау және аңду аппараттарын сатумен айналысқаны мәлім.
Сонымен бірге, офшордағы желі олигарх Әлішер Османовқа 350 млн доллар тұратын Airbus A340 ұшағын жасыруға көмектескен. Еуроодақ ресейлік ұшақтардың ұшуына тыйым салып, олигарх есімі санкция тізімінде пайда болғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Османов Мюнхеннен Өзбекстанға ұшып шыққан. Ол мінген ұшақтың офшор компаниясына тиесілі екені көрсетілген.
Германия үкіметінің өкілі "сол кезде ұшақтың Османовқа қатысы бары белгісіз болған", әйтпесе "оған Еуропа аспанында ұшуға тыйым салып, ол ешқайда ұшып кете алмаушы еді" деп мәлімдеген.
Османов Bridgewaters желісі арқылы америкалық Quanery стартапына 175 млн доллар инвестиция салған. IPO Ресейдің Украина аумағына басып кірерден бірнеше күн бұрын өткен. АҚШ қаржы министрлігі Bridgewaters қызметін бақылап отырғанын растады, алайда WSJ зерттеушілеріне мәлімет бермеді.
Османов өкілінің айтуынша, олигарх өз активтерін ешқашан жасыруға тырысқан емес және оның Кремльге ешқандай қатысы жоқ. Ол Османов үшінші бір желілер арқылы ақша жасырды дегенді "үзілді-кесілді жоққа шығарды". "Мұндай нәрселер ешқашан болмаған", - дейді олигарх өкілі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ресейлік олигархтардың суперяхталарын "аулау"