Ресей Украина соғысында пайдаланылып жатқан коммерциялық спутниктерді заңды соққы нысаны ретінде қарастырады. БҰҰ Бас ассамблеясының комитет отырысында Ресей сыртқы істер министрлігінің қаруды таратпау және бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Константин Воронцов осылай деп мәлімдеді. Бұрын-соңды соғыс кезінде спутниктер атып түсірілмеген, алайда Ресей бұрын спутник атып түсіру бойынша жаттығу өткізген.
Воронцовтың айтуынша, АҚШ пен одақтастары ғарыштағы азаматтық инфрақұрылымының элементтерін әскери мақсатта пайдаланып отыр.
"Мұндай әрекет қарулы қақтығысқа жанама қатысуды білдіретінін әріптестер түсінбейтін тәрізді. Квазиазаматтық инфрақұрылым заңды түрде қарымта соққы нысаны бола алады" деді ресейлік шенеунік.
Әскери сарапшылар Украинадағы соғыста коммерциялық жүйе өнімдері де қолданылып жатқанын атап өтеді. Украина армиясы миллиардер Илон Масктің Starlink спутниктерін өзара байланысқа, барлау деректерін алуға қолданып жатыр. Байланыспен Viasat компаниясы қамтамасыз еткен.
АҚШ Украинаға Maxar, Planet Labs және BlackSky компанияларының спутниктерінен түсірілген суреттерді сатып алып береді. Украина барлау қызметінің сарапшылары компания мамандарымен тікелей байланыста деп жазды DefenseNews сайты. Atlantic Council ұйымы тамызда жариялаған сараптама есебінде Ресей мұндай инфрақұрылымдарға соғыс басталмай тұрып та хакерлер көмегімен шабуыл жасай бастады деп жазған.
Ақпанда ресейлік хакерлердің Viasat компаниясының ондаған мың модемін бұзғаны хабарланды. SpaceX басшысы Илон Маск компания тұрақты түрде жүргізіліп отыратын ресейлік шабуылдарға төтеп беру үшін едәуір қаражат жұмсайтынын хабарлаған. Алайда хакерлік шабуылдар – Ресей шабуылда қолдана алатын жалғыз амал емес.
Бұған дейін Ресей спутникті жоятын зымырандарын сынақтан өткізіп, орбитадағы спутниктерінің кемінде біреуін атып түсірген. Ақпаратқа қарағанда, Мәскеу спутник байланысын істен шығару үшін радиоэлектрондық күрес мобильді жүйесін де сынақтан өткізген.
Ресейдің 2027 жылға дейінгі қарулану бағдарламасында спутникті жоятын "Рудольф" кешенін дамыту қарастырылған. 2004 жылы Ресей Космос-2499 спутнигін ұшырған. CNN жазуынша, бейресми түрде "Камикадзе" деп аталатын қару спутниктерді атып, олардың орбитасын өзгерте алады.