Өзбекстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) украин билігіне үндеу жасап, "жергілікті БАҚ-та Ташкентке қарсы негізсіз айыптауларға жол бермеуге" шақырды. Бұл туралы Gazeta.uz басылымы хабарлады.
Осыған дейін Украинаның танымал журналисі Дмитрий Гордонның израильдік кәсіпкер Леонид Невзлинмен сұқбаты жарияланып, онда Украинадағы соғыста қолданылып жатқан иран дрондары Өзбекстанда өндіріліп жатқаны айтылған.
"Өзбекстан Иран Ислам Республикасымен әскери-техникалық салада ынтымақтастық жасамайтынын және өз аймағында Иранның әскери техникаларын орнатпағанын мәлімдейміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынасқа зиян келтіретін мұндай негізсіз айыптаулардың Украина ақпарат құралдарында таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қолдануды сұраймыз", - деп жазылған Өзбекстанның СІМ таратқан үндеуде.
Дмитрий Гордонның Леонид Невзлинмен сұқбаты бір күн бұрын жарияланып, Өзбекстанда иран дрондарының өндірісі бар екені айтылған. Гордон одан "Израиль Ирандағы, Ирактағы және Өзбекстандағы дрондар жасайтын аймаққа соққы жасай ала ма?" деп сұраған.
Ал Невзлин "Мен Өзбекстан жөнінде ештеңе айта алмаймын. Израиль ол жақта дрондар өндіріліп жатқанын білетінін, ия білмейтінін айта алмаймын. Бірақ білетін шығар деп ойлаймын. Меніңше Өзбекстанның дрондарды өндіруді тоқтатуына Израиль мен АҚШ-тың қатаң ескертуі жеткілікті болады" деген.