Иран билігі Азаттық радиосының қайтыс болған журналисін құпия жерге көміп, туыстарына суретін жіберген

Реза Хагигатнеджад

Иран билігі Азаттық радиосының қайтыс болған журналисі Реза Хагигатнетжадтың денесін құпия жағдайда жерлеген. Бұл жөнінде Ислам революциясы сақшылары корпусы журналистің отбасына хабарлаған. Журналистің денесін Иран билігі Шираз қаласындағы әуежайда тартып әкеткен болатын.

Сақшылар корпусы - Иранда елеулі саяси салмағы бар әскери құрылым. АҚШ оны террор ұйым санатына қосқан. Сақшылар корпусы журналистің әкесіне моланың суретін жіберген, бірақ қайда екенін айтпаған.

Саяси шолушы Реза Хагигатнеджад Азаттық радиосының Иран қызметінде 2019 жылдан бері жұмыс істеген. Азаттық радиосындағы жұмысына байланысты Иранға бара алмаған. 17 қазанда 45 жасында Берлиннің "Шарите" клиникасында рактан қайтыс болған. Оның денесі Иранға жеткізілгенімен туыстарының қолына тимеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Иран билігінің әрекетін сорақылық деп айыптаған. АҚШ мемлекетік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс та 28 қазанда Иран билігін журналист денесін туыстарына беруге шақырған. Ол бұл оқиға Иранның тіпті "өлген журналистерден де қорқатынын" көрсетті деп сөйлеген.

  • Иранда бір жарым айдан бері қарсылық акциясы толастамай тұр. Қарсылық акциясы "Хиджабды дұрыс кимеді" деге сылтаумен полиция қолына түсіп, соққыдан өлген 22 жастағы Махса Әмини оқиғасынан кейін басталған. Бүгінге дейін полиция 200-ден астам адамды өлтірген.