Жоғарғы сот президент сайлауына өз-өздерін ұсынған белсенділер Антон Фабрый мен Омар Жұмағұловтың Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) үстінен түсірген арызын қабылдамады. ОСК олардың кандидаттыққа құжаттарын қабылдамаған еді.
Антон Фабрыйдың сөзінше, олар 6 қазанда өз-өздерін президенттікке кандидат ретінде ұсыну үшін ОСК-ға барған. 11 қазанда ОСК олардың құжаттарын қабылдаудан бас тартқан. 21 қазанда Фабрый мен Жұмағұлов ОСК үстінен жоғарғы сотқа арыз берген еді. 25 қазанда сот "ОСК шешімі дұрыс" деп есептеп, талап арыздарын қабылдамаған.
31 қазанда Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы алғашқы инстанциядағы соттың, яғни Жоғарғы соттың шешімін қарап, күшінде қалдырған.
Азаттық тілшісімен сөйлескен белсенділер арыздарында бес талап болғанын айтты.
– Сайлау заңына анализ жасамай отырған және әлі күнге президентке ұсыныс жасамаған ОСК-ның әрекетін заңсыз деп тануды талап еттік. Сайлауға өз-өзімізді ұсынған соң он күннен кейін ОСК заңды жетілдіру бойынша эксперттік комиссия құрды. Демек біздің әрекетімізден соң қимылдады. Бұдан бөлек, бізді сайлау бюллетеніне еш тексерусіз қосуды да талап еттік. Себебі еңбек өтілі, төлем, қол жинау – бәрі шектейтін талаптар. Бұл талаптың бәрі партия ұсынатындарға арналған. Ал өзін-өзі ұсынғандарға ештеңе қарастырылмаған. Бізді тексеруге де құқығы жоқ еді, себебі Конституция бойынша біздің сайлануға құқығымыз бар. Біз өзімізді Конституцияның 33-бабы бойынша ұсындық, - дейді Антон Фабрый.
Омар Жұмағұлов өз-өзін ұсынғанын "Қазақстан азаматтарының сайлауға және сайлануға құқығы бар" деген баптың жұмыс істемейтінін дәлелдеу деп түсіндірді.
— Клептократиялық мемлекеттік аппарат шын мәнінде қарапайым азаматтың мүддесін қорғауға ықыласты емес. Олар тек саяси партиялардың мүддесін қорғайды. Сол себепті ОСК бізді табалдырығынан да аттатқан жоқ. "Президент болғыларың келіп жүр ме? Қолдарыңда заңды тұлғаның ұсынғаны туралы хаттама да жоқ" дейді. Еркін мемлекет азаматы ретінде ешқандай да партияға мүше болғымыз келмейді. Сайлау туралы конституциялық заң азаматтардың сайлау және сайлану құқығына толығымен қайшы келеді, — дейді Жұмағұлов.
Белсенділер бұнан әрі халықаралық ұйымдарға шағымданбақ.
Астаналық белсенді Антон Фабрый 2015 жылы өткен Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудан кейін де "сайлау және сайлану құқығым бұзылды" деп сотқа арызданған. Астананың Сарыарқа аудандық соты арызы қараудан бас тартқан.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген. Президент сайлауына кандидат ұсыну құқығы тек саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдарға ғана беріліп, кандидаттарға қойылатын талаптар қатайтылған. Президенттікке ұсынылатын кандидат кем дегенде бес жыл мемлекеттік қызметте не сайланбалы органда жұмыс істеуі тиіс.
Кезектен тыс президент сайлауына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге тағы да бес кандидат тіркелген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау – 2022: Тоқаев және бәсекелестері