Қарағанды облысында азаматтық белсенді Ғалы Бақтыбаевқа жасалған қастандыққа байланысты қылмыстық іс бойынша үшінші рет сот отырысы басталды. Ғалы Бақтыбаевты осыдан үш жарым жыл бұрын үйінің алдында атып өлтірген. Бұған дейінгі екі сот "қастандық жасады" деген күдікке ілінген адамдарды ақтап шығарған, бірақ онымен келіспеген жәбірленуші тарап қылмыстық істі екі рет қайта қаратқан. Істі бәрібір сол сот қараған.
31 қазанда өткен алдын-ала тыңдауда сотталушылардың қорғаушылары сотқа қатысып отырған екі прокурорға сенімсіздік білдіріп, оларды істен шеттету туралы ұсыныс түсірді. Судья Аринова ұсынысты қанағаттандырмады.
Сотталушылардың адвокаттары қылмыстық істі Ұлытау облысында орналасқан басқа соттың қарауына беруді сұрады, өйткені сотталушылар жаңадан құрылған Ұлытау облысында тұрады. Сот бұл ұсынысты қабылдады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өз үйінің табалдырығында өлтірілген белсендінің қазасына айыпталғандар екінші рет ақталдыҒалы Бақтыбаевтың сотқа жәбірленуші ретінде қатысып отырған қарындасы Зәуре Бақтыбаева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Туысының қазасы туралы қылмыстық істің бір сотта үшінші рет қаралғанына келіспейтінін айтқан Зәуре Бақтыбаева бұл сотқа 45 пен 65 жас аралығындағы тәуелсіз алқа билер шақыруды сұраған.
"Сот процесінің шет-шегі көрінер емес. Бұл іске нүкте қойыларына сенімім азайды. Сот төрт сотталушының екеуін ақтаған сайын менің бірінші инстанциядағы сот пен алқа билердің әділдігіне күмәнданамын" дейді Зәуре Бақтыбаева Тоқаевқа жазған үндеуінде. Ол президенттен Ғалы Бақтыбаев жөніндегі қылмыстық істі тікелей бақылауға алуын сұраған.
Биыл шілдеде алқа билер шешімімен сот күдіктілерді ақтап шығарған, бірақ қастандық жасалғанға дейін белсендіні ұрып-соққанына кінәлі деп танып және Бақытбаев ісіне қатысы жоқ эпизодтар бойынша 10 жыл түрмеге қамау жөнінде үкім шығарған. Алқа билер тергеу "ұрып-соғуды және қастандықты ұйымдастырушы" деп көрсеткен тағы екі күдіктіні – бұрынғы полицей мен кәсіпкерді толығымен ақтаған. Бақтыбаевты ұрып-соққан деген күдікке ілінген тағы бір адам үш жарым жылға сотталған.
Қылмыс жасалған кезде халықаралық ұйымдар қылмысты мұқият тексеруге шақырып, ішкі істер министрлігі тергеуді ерекше бақылауға алатынын мәлімдеген еді. Арада үш жарым жыл өтсе де ешкім жазаға тартылған жоқ.
Ғалы Бақтыбаевты қорқытып-үркіту әрекеттері 2017 жылы, белсенді жемқорлық пен алаяқтыққа байланысты қоғамдық зерттеумен шұғылдана бастағанда жасалған. Үйінің терезесін сындырған, ауласындағы жарықты атқан, қорқытып-үркітетін жазуы бар қағаз тастап кеткен, ұрып-соққан. Бұл іске байланысты полиция ешкімді таба алмады, ал бірнеше айдан соң белсендіні атып кетті. Ғалы Бақтыбаевтың қазасы бойынша қылмыстық іс қозғалған соң ғана бұрын ұрып-соққандар табыла кетіп, екі күдіктінің ұрып-соққаны дәлелденіп, түрмеге кесілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарағандыда белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты сот қайта басталды ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді Бақтыбаевтың қазасына байланысты сот: Судья журналистерге соттан ақпарат таратуға тыйым салды