Тәжікстанда тағы бір азаматтық белсенді 13 жылға сотталды

Тәжікстандық азаматтық белсенді Рамзи Вазирбеков.

Душанбе қалалық соты тәжік билігін ашық сынап жүрген азаматтық белсенді Рамзи Вазирбековті 13 жылға бостандығынан айырды.

Ақпаратқа қарағанда, сот Таулы Бадахшан автоном облысында туып-өскен Вазирбековті "Қылмыстық ұйымдарға қатысу" және "Конституциялық құрылымды күшпен құлату" баптары бойынша айыпты деп таныған.

Белсенділердің ісі бойынша жабық сот отырысы 5 қарашада өткен. Сот үкімі туралы мәлімет тек 8 қарашада белгілі болған.

Душанбе қалалық соты 5 қарашадағы отырысында Рамзи Вазирбековтің бауыры Ораз Вазирбековті 16 жылға бостандығынан айырғаны өткен аптада белгілі болған. Ол "Экстремизм" және "Интернет арқылы Конституциялық құрылымды құлатуға шақыру" баптары бойынша айыпты деп танылған.

Ағалы-інілі Вазирбековтер өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Олар Мәскеуде жұмыс істеп келген, тәжік билігін әлеуметтік желі арқылы сынап жүрген. Екеуі де Ресей азаматтары.

Олар 29 шілдеде Мәскеу әуежайында ұшты-күйлі жоғалып кеткен еді. Біраз күннен кейін Душанбенің тергеу абақтысында отырғаны белгілі болды.

Мәскеудегі памир диаспорасы белсенділері, Вазирбековтердің туыстары оларды тәжік қауіпсіздік қызметі күшпен алып кеткенін айтады.

Таулы Бадахшан автоном облысында биыл 14 мамырда наразылық акциялары басталған. Күштік құрылымдар 18 мамырда жолды жапқан адамдарды "деструктивті күштер" деп атап, оларға қарсы "антитеррорлық операция" жүргізген. Оның барысында "сегіз содыр өлтіріліп, 11-і жараланды" деп мәлімдеді билік. Кейінгі мәліметке қарағанда, 220 адам қамауға алынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәжікстан билігі тәуелсіз журналистер мен блогерлерді түрмеге тығып жатырТәжікстан соты журналист Дәлер Имомәлиді 10 жылға түрмеге қамадыҚамаудағы тәжік журналисі Абдулло Гурбатидің фильмі Қазақстандағы байқауда жүлде алдыТаулы Бадахшанның ондаған тұрғыны Еуропаға қашуға мәжбүр болғанТәжікстанда тыйым салынған ислам партиясы БҰҰ-ға шағымданды