Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қарашада Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан "барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қолдайды, БҰҰ жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді" деп мәлімдеді.
"Бұл еліміздің мүддесіне толық сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан бұл қағидатқа басымдық ретінде баса назар аударамыз" деді. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтіреді.
Тоқаев саммитте сонымен бірге Қазақстан көлік бағыттарын әртараптандыру мен логистиканы дамытуға мүдделі екенін айтып, осы мақсатқа жету үшін 2025 жылға дейін 20 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
"Мемлекетіміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті түйістіріп отыр. Сол себепті қазіргідей ауыспалы кезеңде көлік-транзит коммуникация потенциалын арттырып, оның мүмкіндіктерін барынша пайдалану маңыздылығы артып отыр" деді Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Самарқанда өткен саммитінде. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия территориясы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты бұған мысал бола алады.
Саммиттің соңында бірнеше құжатқа қол қойылды. Арасында Түркі мемлекеттері ұйымының саммит декларациясы мен Түркі инвестициялық қорын бекіту жөнінде шешім де бар.
Былтыр түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі мемлекеттер ұйымы деп өзгертілген. Бұл содан бері алғаш рет ұйымдастырылған саммит. Оған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Ердоған қатысты. Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан байқаушы елдер өкілі ретінде қатысты.
Бақылаушылардың айтуынша, Астана көпвекорлық бағыт ұстанатынын көрсетіп, Батыс, Ресей, Қытай және Орталық Азия аймағында мүддесі бар өзге де ірі ойыншылар арасында баланс сақтауға тырысып жатыр. Астана Ресейдің Украинаға басып кіргенін қолдаған жоқ, айыптаған да жоқ. Тоқаев пен қарамағындағы азаматтар осыған дейін Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейді және Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарды қолдамайды деп мәлімдеген. Ресми Астана Украина облыстарын аннексиялау бойынша өткен псевдореферендумды да мойындаған жоқ.
- 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауында жеңімпаз деп жарияланған Тоқаев Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында Ресейдің 2014 жылы Қырымды басып алуын "аннексия" деп атаудан бас тартып, Қазақстан қоғамында сынға қалған. Киев дипломатиялық демаршпен жауап беруге уәде берген.
- Қазақстанда 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауында президент қыркүйекте Конституцияға енген түзетулерге сәйкес жеті жылға сайланады.