Ресей басшысы Владимир Путиннің бұрынғы массажисі деп айтылатын Санкт-Петербургтегі ықпалды кәсіпкер Константин Голощаповтың ұлы әкесінің үйінде тінту болғаннан кейін үш күннен соң қайтыс болған. Оны жерлеу рәсіміне Санкт-Петербургтің қазіргі және бұрынғы губернаторлары қатысты. Бұл жөнінде "Ротонда" басылымы жазды.
Голощаповты жергілікті баспасөз Санкт-Петербургтегі ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі деп атайды. Ол Путиннің Forbes тізіміндегі жақын достарының бірі және "орыс православ шіркеуіне де жетекшілік етеді". Тінту алдында маусымда Голощапов шетелге кетіп, оралмаған. "Ротонда" басылымы оның 29 жастағы ұлы Дмитрийдің өлімінің жай-жапсарын жазбаған.
"Фонтанка" басылымы маусымда Голощаповтың ұлдарының бірі тінту болған күні шетелге кеткенін жазған. Ол Дмитрий ме, әлде басқа ма белгісіз. Кәсіпкердің жалпы алты баласы бар. 2011 жылы көп балалы ата-ана ретінде кәсіпкерге "Родительская слава" орденін сол кездегі президент Дмитрий Медведев тапсырған.
- Голощаповтың үйінде ірі алаяқтық ісі бойынша тінту маусымда болған. Кәсіпкер күдікті ретінде аталған жоқ, іздеу де жарияланбаған.
- "Центр управления расследованиями" басылымы 2018 жылы Голощапов Путинмен совет заманында бірге спортпен айналысқан кезде танысқан болуы мүмкін деп жазды. Болашақ кәсіпкер Путиннің досы Аркадий Ротенбергтің спорт клубына бара бастаған. Ізінше сол жаққа Тамбовтан шыққан қылмыстық топ жетекшісі Владимир Кумаринді әкелген деп айтылады.