Херсонда жергілікті билік органдары қызметіне кірісті, қалада коменданттық сағат енгізілді

Украина қарулы күштерін қарсы алған жергілікті тұрғындар. Херсон облысы.

Херсон облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Ярослав Янушевич орыс армиясынан азат етілген Херсонға келді. Бұл жөнінде Украина президенті кеңсесі жетекшісінің орынбасары Кирилл Тимошенко Телеграм арнасында хабарлады.

Тимошенко Херсон әкімшілігі ғимаратынан түсірілген видео жариялады. Видеода Ярослав Янушевич қалада жергілікті билік органдары қызметіне кіріскенін, Украина қауіпсіздік қызметінің бөлімшелері мен аймақтық полиция органдары жұмыс істей бастағанын айтады.

Янушевич өз Телеграм-арнасында Херсонда коменданттық сағат енгізілгені жөнінде видеомәлімдеме жариялады. Ол сағат 17.00-ден бастап таңғы 8-ге дейін күшінде болады. Бұған қоса, қалаға кіру мен шығу шектеледі.

Ал Херсон облысы Кахов ауданындағы оккупациялаушы әкімшіліктің Днепрдің сол жағалауында 15 шақырымдық аймақтан көшірілгені хабарланды.

"Херсон облысы үкіметінің бұйрығымен қауіпсіз аймаққа көшеміз, сол жақтан округты басқарамыз" деп жазды Ресей билігі тағайындаған әкімшілік жетекшісі Павел Филипчук Телеграм арнасында.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, "әскери қимыл өтуі мүмкін қауіпті аймақта" қалғандар қауіпсіздігі үшін өздері жауап береді.

Ресей әскері Херсонды соғыстың алғашқы күндері басып алған. 9 қарашада Мәскеу әскерін Днепрдің сол жағалауына шығарғанын мәлімдеген. 11 қарашада ведомство әскерді көшіру аяқталғанын хабарлаған. Сол күні Херсонға украин әскері кірді.