АҚШ-тың Невада штатындағы дауыс санаудан кейін демократтардың сенаттан 50 орын алып, Конгрестің жоғарғы палатасын иелену мүмкіндігі арта түсті. Ол жақта Демократиялық партия кандидаты Кэтрин Кортес-Масто жеңіп жатыр, деп хабарлады CNN телеарнасы.
Невадада бюллетеньдердің 95 пайызы саналған. Кортес-Масто 48,7% дауыс алған. Ол Неваданың бұрынғы бас прокуроры республикашыл Адам Лаксалттан жарым процентке озған.
Егер Кортес-Масто жеңімпаз атанса, республикашылдар Джорджияда жеңген күннің өзінде Республикалық партия сенаттағы орындардың басым бөлігіне ие бола алмайды. Егер орындар теңдей бөлінсе, соңғы шешуші дауыс вице-президент демократ Камала Харристе болады.
Республикашылдар өкілдер палатасында басымдыққа ие болуы мүмкін.
АҚШ президенті Джо Байден аралық сайлаудың барысына көңілі толатынын, Джорджиядағы сайлаудың екінші турын күтетінін айтты. Америка басшысы халықтың сайлауға қатысу белсенділігін жоғары бағалап, алдағы екі жылды асыға күтетінін мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конгрестің жоғары палатасы Дэниел Розенблюмді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі етіп бекітті