MH-17 ұшағын атып түсірді деп күдікке ілінген үш адам өмір бойына түрме жазасына кесілді

Донбасста апатқа ұшыраған малайзиялық ұшақ.

Гаагадағы сот 17 қарашада Игорь Гиркинді (Стрелков), Сергей Дубинскийді және Леонид Харченконы 2014 жылы Донбасста Малайзияның MH17 ұшағын құлатып, 298 адамның өліміне кінәлі деп тапты. Үшеуі де өмір бойына түрме жазасына кесілді.

Сот запастағы подполковник Олег Пулатовты ақтап, ол "Букты" атуға қатысы жоқ деп шешті.

Ресейлік Гиркин ұшақ апатқа ұшырағанда өзін-өзі жариялап алған "ДХР" жікшіл аймағының қорғаныс министрі болған еді. Ал украиналық Харченко мен ресейлік Дубинский Гиркиннің орынбасары қызметін атқарған.

Сот үш сотталушы ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына жалпы сомасы 16 млн еуро өтемақы төлеуі тиіс деген үкім кесті.

Сот үкіміне сай, Гиркин қаруды әкелу, "Бук" ракетасын орнатуға жауапты болған. Сот ракетаны тәжірибесі бар экипаж мүшелері қасақана атқан деп шешкен.

Your browser doesn’t support HTML5

MH17 ұшағын қайта құрады

Сот үкімі сырттай шықты. Гиркин қазір Ресей әскері қатарында Украинада соғысып жүр. Қалған екеуінің қайда екені белгісіз.

Malaysian Airlines әуе компаниясының "Боинг" ұшағы 2014 жылы 17 шілдеде Донбасс аспанында атып түсірілген. Ұшақта болған 298 адамның бәрі қаза тапқан. Бортта 17елдің азаматы болған, қазаға ұшырағандардың көбі – Нидеарланд азаматтары. Сот Ресейде шығарылған "Бук" ракетасымен атылған деген шешім шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

MH17 ұшағының апаты. Үш ресейлік, бір украиналық сепаратист сотқа тартылмақТізімдегі төртеу. Донбастағы ұшақ апатына күдіктілерMH17 апатында мерт болғандардың туыстары Ресейді сотқа берді