2022 жылы қыркүйек пен қазанда Ресейде ер адамдар отыратын түрмелерде тұтқындар 23 мыңға азайған. Бұл жөнінде Ресей қылмысты орындау қызметі (ФСИН) мәліметіне сүйенген "Медиазона" басылымы жазды.
Қыркүйек басындағы мәлімет бойынша, түрмелерде 348 мың адам болған, ал қазан басында 338 мыңға дейін азайған, қараша басында 325 мың ғана қалған. "Медиазонаның" жазуынша, тергеу изоляторлары мен қоныстандыру колонияларындағы тұтқындар, сонымен бірге сотталған әйелдер саны мүлде өзгермеген.
Журналистердің мәліметінше, кейінгі жылдары тұтқындар саны осынша дәрежеде тез азаймаған - тіпті амнистия кезінде де күрт қысқармаған. "Медиазона" қазіргі қысқарту "Вагнер" жеке әскери тобының тұтқындарды соғысқа тартумен байланысты болуы мүмкін деп санайды.
2022 жылы тамызда "Вагнердің" тұтқындарды Украинадағы соғысқа тарта бастағаны белгілі болған. Сотталушыларға жарты жылдан соң "рақымшылық жасаймыз" және "ақшалай сыйақы береміз" деген уәде беріледі. Соғысқа тарту "науқанына" Ресей президенті Владимир Путинге жақын кәсіпкер Евгений Пригожин қатысып жатыр. Ол қыркүйекте "Вагнерді" құру ісіне қатысы барын мойындаған.
Қыркүйек ортасында "Важные истории" басылымы қыркүйекке дейін Ресей аймақтарындағы 37 түрмеден шамамен 5786 тұтқын соғысқа әкетілген болуы мүмкін деп жазған. Қазан айында "Русь Сидящая" қорының жетекшісі Романова 20 мыңнан астам тұтқын соғысқа әкетілген болуы мүмкін деген.
- "Вагнер" жеке әскери тобы – қағаз жүзінде Ресей әскери ведомствосына қарамайтын, заңды тұлғалар реестрінде жоқ бейресми қарулы топ. Бірақ оның мүшелері Украина және өзге елдердегі соғысқа қатысқан.
- Биыл көктемде Ресей армиясы Украина территориясында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған.