Алматыда тәуелсіз бақылаушылардың бірін полиция бөлімшесіне алып кеткен. Бұл жөнінде бақылаушы Қонай Әбдиевтің өзі хабарлады.
"Өзім бақылайтын N336 учаскеге бақылаушы ретінде жолға шыққанмын. Екінші Алматыдағы вокзалға. Міне, полиция қызметкерлері мені бөлімшеге апара жатыр" деді Қонай Әбдиев.
Бақылаушының әйелі Рая Көккозованың айтуынша, 20 қарашада таңертеңгі саға 4-тен кете бере үйлерінен шыққан кезде полиция қызметкерлері тосып алған.
"Полиция қызметкерлері екінші Алматыдағы бақылау учаскесіне апарып тастаймыз деп алдады. Мен қорқып, бірге шыққанмын. Аялдаманың жанына барған кезде басқа машина ауыстырды. Сүйтіп жолда кетіп бара жатыр едік, "бізді сізді ГРЭС-ке аудандық бөлімшеге апара жатырмыз" деді. Қазір сол жақтамыз. Күтіп отырғаныма көп болды. Әлі шыққан жоқ. Не үшін ұстағанын түсіндірмеді" деді Рая Көккозова таңертеңгі сағат 7-ден кете бере Азаттық тілшісіне.
Сол бөлімшеде кезекші болып отырған қызметкер Азаттық тілшісінің "Қонай Әбдиев не үшін бөлімшеге жеткізілді?" деген сұрағына жауап беруден бас тартты. "Мен ондай сұраққа жауап бере алмаймын" деп телефон тұтқасын тастай салды.
Қонай Әбдиевтің айтуынша, ол "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы атынан бақылаушы ретінде тіркелген. Бұрын "Мұқалмас" бақылаушысы болған.
Қонай Әбдиев 20 қарашада таңертеңгі сағат 8:50 шамасында Азаттыққа хабарласып, "бірнеше сағат бойы өзін бостан-босқа ұстап, қазір жібергенін" айтты. Полицейлер оны өзі бақылаушы болатын сайлау учаскесіне жеткізген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бұған дейін тәуелсіз байқаушылар қысым көріп жатқаны жөнінде хабарлаған. Олардың бірлестіктері ақпараттық шабуылға ұшыраған, байқаушыларды дайындайтын тренинг өткізер кезде ғимарат таппай қиналған. Байқаушылар мұны өз жұмысына кедергі келтіру деп бағалаған.
Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, бұл ОСК-дан аккредитацияны талап етпейтін соңғы сайлау. Жуырда бақылаушыларды ОСК-дан аккредитация алуға міндеттейтін заң күшіне енген.