Қаңтар оқиғасына қатысқан Құдайбергенов 17 жылға сотталды. Ол солдатты "көлікпен басып өлтірді" деп айыпталған

Қазыбек Құдайбергенов

Қызылордадағы сот Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "террорлық акт жасады", "бірнеше адаммен бірігіп әскери қызметшіден кек алу үшін әдейі қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған Қазыбек Құдайбергеновты 17 жылға түрме жазасына кесті.

Судья Думан Әлиев Құдайбргеновке тағылған "террорлық акт жасады" деген айыпты алып тастады. Ол үкімді қысқа ғана оқып шығып, үкімнен соң бірнеше минутқа созылған түсіндіруде "Құдайбергеновтың істерінің толық дәледенгенін" ғана айтты.

ҚазыбекҚұдайбергенов айыбын мойындаған жоқ. Бірақ оның үкімнен есеңгеріп қалғаны байқалды. Сотта көзіне аққан жасын тыя алмады.

34 жастағы Қазыбек Құдайбергенов 9 қаңтарда қамауға алынып, ал сот процесі 25 мамырда басталған. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде солдатты көлікпен басып өлтірді деп айыпталған. Құдайбергеновтің жақтастары алты айға созылған сотта оның адвокаттары дәлелдер келтіргенімен сот бірде-бірін ескермеді дейді.

- Бір ғана мысал, қайтыс болған солдаттың мүрдесіне қатысты екі ресми мекеме екі түрлі сараптама береді. Сот медициналық сараптамасын жасаған эксперт солдаттың бас сүйегін "ауыр жүк көлігі дөңгелектері езген" десе, жедел жәрдем апарған аурухана "қабырғасы сынған" деген. Істе мүрдені қараған фото тіркелмеген. Кейін адвокаттар фотоны сұрап алып қарағанда бас сүйегі бүтін, сол көзін таңып қойғанын көрген. Ал куәлік еткен басқа әскерилер "машина оның сол жақ аяғын мыжып кеткен" деді. Осыншама қарама-қайшылыққа қарамастан судья Әлиев 17 жыл берді, - деді Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтанова.

Соттан соң Құдайбергеновтің туыстары қатты жылап, Тоқаевқа видео үндеу жолдап халықаралық ұйымдардан Қаңтар ісін қайта тергеуін сұрады. Жарыссөзде прокурор Сариев Құдайбергеновке 20 жыл түрме жазасын сұраған.

Ал қаза болған сарбаздың әкесі Оразалы Байыспеков баласының мүрдесін жуып әкелгендіктен ашып қарамағанын, бірден жерлегенін айтқан. Ол сотта Құдайбергеновті өмір бақи түрмеге қамауды сұраған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Олардың біреуі – әскери борышын өтеп жүрген солдат.

Биыл жыл басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық бүкіл елге жайылып, аяғы қантөгіске ұласты. Бірнеше қалада полиция көліктері өртеліп, мемлекеттік ғимараттар бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың бандит шабуылдады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" берген. Алайда кейін билік "20 мың бандит" жайлы мәлімдемені жоққа шығарған. Ресми органдар оқиға кезінде барлығы 238 адам мерт болды дейді. Оның алтауы қамауда азаптаудан қаза тапқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтарда "солдатты басып өлтірді" деп айыпталған Құдайбергеновке прокурор 20 жыл түрме жазасын сұрадыҚаңтарда "солдатты басып өлтірді" деп айыпталған Құдайбергеновтың соты қайта жалғастыҚызылордада Қаңтар оқиғасында оқ тиген Құдайбергенов "сарбаз өліміне қатысы  бар" деген күдікпен сотталып жатыр