"Үлкен жетілік" елдері және Австралия Ресейдің танкерлік мұнайының баррелін 60 доллардан асырмауға келісті. Бұған дейін Еуроодақ та сондай баға белгілеген.
Енді 5 желтоқсаннан бастап Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония және Австралия Ресейдің танкерлік мұнайын 60 доллар немесе одан да төмен бағаға алғандарға ғана қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету түрлері арасында отынды теңіз арқылы тасымалдау бойынша міндетті сақтандыру да бар.
Аталған елдер Ресейге Украинадағы соғысты жалғастыруға мүмкіндік беріп отырған табысын қысқарту үшін баға шегін белгілеген. Бұған қоса, халықаралық нарықта шикізат құнының күрт өсуіне де жол бергісі келмейтінін айтады. АҚШ және Еуроодақ елдері Ресейдің танкерлік мұнайын сатып алудан бас тартқан, сол себепті мұндай шаралар "Ресейдің Украинадағы соғысынан қатты зардап шеккен табысы орташа немесе төмен елдер үшін" өте маңызды.
Мемлекеттердің мәлімдемесінде белгіленген бағаның жоғары екені, Ресейге мұндай бағамен халықаралық нарықта шикізат сату тиімді екені жазылған. Дегенмен Ресей өзге де қызмет ұсынушыларға жүгіне алады, алайда олар "ауқымы және сенімділігі жағынан" шектелген, ұсынып отырған бағасы да қымбат.
Аталған елдер қажет болған жағдайда ең жоғарғы шекті өзгертетінін мәлімдеді. Мәлімдемеде сонымен бірге Ресейдің мұнай өнімдеріне 2023 жылдың 5 ақпанынан бастап баға шегі белгіленетіні жазылған.
Ресей баға шегін белгілеген елдерге нарық құнынан кем бағаға мұнай сатпайтынын мәлімдеген. Қазір Ресейдің Urals маркілі мұнайы нарықта барреліне 69 доллардан сатылып жатыр. Дегенмен трейдерлер Азия елдері, әсіресе Үндістан мен Қытай Ресей мұнайын 30 пайыз жеңілдікпен сатып алып жатқанын айтады.
- Ресей Украинаға 2022 жылдың 24 ақпанында басып кірген. Еуроодақ бұған жауап ретінде Ресейге сегіз пакет санкция салған. Бірақ ешқайсысында Ресей газына эмбарго енгізу жөнінде айтылмайды. Ресей ЕО елдеріне газ тасымалдауды тоқтатқан, кейбір елдер Ресей газынан өздері бас тартқан.
- АҚШ пен Еуроодақ сонымен бірге ресейлік компаниялармен әріптестікке тыйым салатын немесе қарым-қатынасты шектейтін санкцияларды тұрақты түрде енгізіп келеді.