Батыс үкіметтері өз құзыреті шегінде Ресей мұнайын 60 доллардан (барреліне) артық бағаға сатып алуға тыйым салды. Осылайша олар Кремльдің соғысқа жұмсап отырған бюджетін шектегісі келеді.
Бағаны шектеу 5 желтоқсанда күшіне енеді. Сол күні Ресейдің теңізбен тасымалданатын мұнайына жарияланған эмбарго күшіне енді.
Осы ретте Батыстың бұл қос шарасы мұнай бағасына қалай әсер етеді деген сұрақ тудырып отыр. Бір жағынан жаңа шара нарықтағы мұнайдың көлемін күрт азайтып, бағаны көтеріп жіберуі ықтимал. Екінші жағынан жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеп, сұраныс азаюы мүмкін.
БАҒАНЫ ШЕКТЕУ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?
АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен мен "Үлкен жетілік" елдері Ресей мұнайының әлем экономикасына түсетін легін сақтай отырып, Ресей табысын шектеуді ұсынды.
Сақтандыру компаниялары мен мұнай тасымалындағы өзге компаниялар Ресей мұнайымен тек Еуроодақ бекіткен бағада жұмыс істей алады. Ал сақтандыру компанияларының көбі Еуроодақта не Ұлыбританияда орналасқан.
ӘЛЕМДІК МҰНАЙ НАРЫҒЫ
Еуроодақ пен Ұлыбритания санкцияларының алғашқы легін бүкіл әлем бойынша іске қосу Батыс экономикасының өзіне кері әсер етуі мүмкін еді. Себебі Ресейдің шикі мұнайын нарықтан түбегейлі алып тастау мұнай бағасын күрт арттырып жіберер еді. Ал Ресей санкцияны айналып өтіп сатқан мұнайынан көбірек пайда көрер еді.
Мұнай өндіруден әлемде екінші орында тұрған Ресей Еуроодақтың тыйымына дейін-ақ мұнай экспортының бағытын Үндістан, Қытай және Азияның өзге де елдеріне бұрып, төмен бағамен сата бастаған. Батыс елдері Ресей мұнайын сатып алуға соған дейін-ақ құлықсыз еді.
БАҒАНЫ ШЕКТЕУ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ?
Брюссельдегі Брейгель сараптама орталығының энергетика саясаты жөніндегі сарапшысы Симона Тальяпьетраның сөзінше, бағаны 60 доллар көлемінде шектеу Ресей табысына айтарлықтай әсер ете қоймайды, өйткені Мәскеу қазірдің өзінде мұнайын осыған жақын бағада сатып жатыр.
Ресейлік Urals маркалы мұнайы Brent маркалы мұнайға қарағанда арзан сатылып жатыр. Ал өткен аптада оның бағасы кейінгі айларда алғаш рет 60 доллардан төмен түсті. Оған Қытайда коронавирус өршіп, сұранысқа әсер етуі ықтимал деген үрей түрткі болды.
Тальяпьетраның айтуынша, 60 долларлық меженің өзі қазір еш нәрсені шешпегенімен, мұнай бағасы күрт артып кеткен жағдайда Кремльдің одан пайда көруін тежейді.
"Ресей президенті Владимир Путинге қысымды күшейткіміз келсе, баға шегі уақыт өте келе төмендеуі мүмкін" дейді Тальяпьетра. "Мәселе Путиннің мұнайдан алатын табысын азайтатын шараны күтумен біршама ай жоғалтқанымызда".
Баға шегі 50 доллар болса, бұл Ресейдің табысын азайтып, Мәскеудің мемлекеттік бюджетті тепе-теңдікте ұстауын қиындатар еді. Кремль ол үшін мұнайдың баррелі 60-70 доллар болуы керек деп болжап отыр.
Бірақ мұнай бағасын 50 долларға дейін шектесе де Ресей мұнай өндіруді тоқтатпайды. Қазір Ресей мұнайының бір баррелін өндіруге 30-40 доллар шығындалады. Яғни Ресей осының өзінде пайда көріп отырады. Оның үстіне мұнай құбырларының жұмысы тоқтаса, оны қайта іске қосу ауыр болмақ. Яғни Мәскеу мұнайды сатуды тоқтата қоймайды.
Ал егер бағаны 30 доллар көлемінде шектесе, сонда ғана Ресей дағдарысқа тап болады дейді Вашингтондағы халықаралық қаржы институтының бас экономисі Робин Брукс.
Ресей мұнайының бағасын қандай межеде шектеу керектігі жөнінде бірізді ұстанымның болмауы тағы бір мәселені көрсетті дейді Берлиндегі Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының санкциялар жөніндегі сарапшысы Мария Шагина. Оның сөзінше, Батыс елдері бір жағынан Ресейдің мұнайдан алар табысын шектегісі келсе, екінші жағынан инфляцияның қарқынын бақылауға алғысы келеді.
"60 долларға көнгені келісімнің мүлдем болмағанынан жақсы. Олар нарықтағы жағдайға қарап, оны кейін де өзгерте алады" дейді Шагина.
ӨЗГЕ ЕЛДЕР БАТЫС ЭМБАРГОСЫНА БАҒЫНБАСА ҚАЛАЙ?
Ресей Еуроодақ қойған баға шектеуін мойындамайтынын, есесіне осы бағаны ұстанатын елдерге мұнай экспорттауды тоқтататынын мәлімдеді. Қарымта қадам ретінде Ресей мұнай экспортын уақытша тоқтатып, жаһандық баға өскенде содан пайда көруге үмітті болуы ықтимал.
Қытай мен Үндістандағы сатып алушылар баға шегіне келіспеуі мүмкін. Қытай мен Ресей АҚШ, Ұлыбритания мен Еуропада тыйым салынған компаниялардың орнын басу үшін сақтандыру компанияларын ашуы мүмкін.
Ресей Венесуэла мен Иран секілді иесі белгісіз "көлеңкелі флот" танкерлерін қолданып, мұнайды заңсыз сата алады. Мұнайды бір кемеден екіншісіне ауыстырып, оның қайдан шыққаны білінбес үшін соған ұқсас сападағы мұнаймен араластыра алады.
Мұндай жағдайдың өзінде баға шегі мұнайды шектеулерді айналып өтіп сатуды Ресей үшін "қымбат, қиын әрі қолайсыз етеді" дейді Шагина.
Мұнайды Азияға жеткізу қашықтығы танкерлер сыйымдылығының төрт есе көп болуын қажет етеді. Сонымен қатар Ресей сақтандыруына да бәрі келісе қоймайды.
"Сіз көлеңкелі флотқа қосылғыңыз келеді, бірақ оның мүмкіндігі шексіз емес" дейді ол. "Иран мен Венесуэла оны тиімді пайдаланып жүр, бірақ бұл деген бәсеке мықты болатынын да білдіруі мүмкін. Бұл санкция механизмдеріне тән тышқан мен мысық ойыны [секілді]".
ЕУРООДАҚ ЭМБАРГОСЫ
Еуропа Ресей мұнайының ең ірі сатып алушысы. Ресей мұнай өндірушілері бұл бағыттан қағылса, басқа бағытқа ойыса алмай, бірталай жоқ болуы мүмкін.
Commerzbank сарапшыларының сөзінше, Еуроодақтың қос шарасы әсерін 2023 жылдың басында сездіруі мүмкін. Олар Brent маркалы мұнай бағасының алдағы апталарда 95 долларға дейін баратынын болжап отыр. Жұма күні Brent маркалы мұнай бағасы 85,48 доллар болған.
Еуроодақ эмбаргосының салдары 5 желтоқсанда емес, 5 ақпанда мұнай өнімдеріне салынған қосымша тыйым күшіне енген соң байқалуы мүмкін.
Еуропада дизельмен жүретін көліктер әлі де көп. Оны жүк тасымалында да, ауыр шаруашылығы саласында да қолданады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Санкция қыспағы жыл аяғына қарай қатты білінеді". "Левада центр" басшысымен сұхбат