Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. 7 желтоқсанда Ақорда сайтында президент жарлығы жарияланды.
45 жастағы Асайын Байханов 2021 жылдың шілдесінен бері Павлодар қаласын басқарған. Оған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болған.
Бұған дейін облысты басқарған Әбілқайыр Сқақов Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары қақаған аязда бірнеше күн бойы жылусыз қалған шақта, 1 желтоқсанда қызметінен босатылған еді. Оның міндетін уақытша облыс әкімінің орынбасары Олег Крук атқарған.
Екібастұздағы апаттан кейін жекеменшікке берілген жылу желісін басқару ісіне күмән пайда болған. Билік "станция қызметкерлерінің қателігінен құбыр желісіндегі қысым күрт күшейіп, апатқа ұрындырды" деп мәлімдеген.
Екібастұздағы жағдай бойынша құрылған жедел штаб 7 желтоқсанда таңертеңгі сағат 8-дегі жағдай бойынша қаладағы барлық тұрғын үйлерге жылу берілгенін хабарлады. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 желтоқсанда үкіметке "Екібастұз бен өзге елді мекендердегі аянышты ахуалды түбегейлі өзгерту мақсатында нақты шешімдер қабылдау тапсырылған".
Your browser doesn’t support HTML5