Агенттік өкілі жылу желілеріндегі апаттарды жемқорлықпен байланыстырады

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің превенция қызметінің жетекшісі Саян Ахметжанов Екібастұз жылу орталығындағы апатты саладағы жемқорлықпен байланыстырды. Оның сөзінше, Семей, Тараз, Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар жұмысына да жемқорлық қатері төніп тұр.

"Семейде қарызды өтеу үшін және "Теплокоммунэнерго" коммуналдық кәсіпорнын ұстап тұру үшін мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді, алайда оң нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Кәсіпорын директорлары жеке және заңды тұлғаларды орталық жылу жүйесіне қосқаны үшін жеке сыйақы алады. Соның нәтижесінде [жылу орталығының] қуаттылығы азайып, жылу кемиді. Соның салдарынан көп қабатты тұрғын үйлерде жылу мен ыстық су жоқ. Түрлі аймақта осындай жайт байқалады" деді Саян Ахметжанов БАҚ өкілдеріне.

Қарашадан бері Қазақстанның түрлі өңірінде жылу желілерінде ақау пайда болып, тұрғындар жылудың жоқтығына шағымданып жатыр.

27 қарашаға қараған түні 150 мың халқы бар Екібастұз қаласының жылу электр орталығы 30 градус суықта апатқа ұшыраған. Екібастұзда төтенше жағдай жарияланып, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен босатылған. 7 желтоқсанда Павлодар облысының әкімі болып Асайын Байханов тағайындалды.

Екібастұздағы апаттан кейін жекеменшікке берілген жылу желісін басқару ісіне күмән пайда болған. Билік "станция қызметкерлерінің қателігінен құбыр желісіндегі қысым күрт күшейіп, апатқа ұрындырды" деп мәлімдеген.

7 желтоқсанда Екібастұз қаласындағы барлық тұрғын үйге жылу берілгені хабарланған.

Биыл қараша басында ШҚО-да 55 мыңнан астам халқы бар Риддер қаласында мыңдаған тұрғын жылусыз қалған. Әкімдік жағдай біртіндеп қалпына келеді деген. Қараша соңында Өскемен қаласындағы жылу электр станциясының бірінен де күшті аяз кезінде ақау шыққан. Желтоқсан басында Петропавл қаласында да жылу жүйесіне байланысты шағымдар болған. Қарағанды облысында Теміртау, Шахтинск және Абай қалаларының тұрғындары жылу жүйесіндегі мәселелерге кезіккен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Екібастұз - жемқорлық нәтижесі". Алматыда Oyan, Qazaqstan белсенділері акция өткізді