Иранда үкіметке қарсы жаппай наразылық акциясына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген 11 адамның алғашқысы – белсенді Мохсен Шекари дарға асылды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Осыған дейін Иран революциялық соты Шекари "Құдайға қарсы қастандық жасағанын" мәлімдеп, оны күш қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған "қарулы әрекеттерге" қатысты деп тапқан.
Иранда наразылық акциясы екі ай бұрын басталды. 13 қыркүйекте Тегеранның "әдеп полициясы" көшеде хиджаб кию тәртібін сақтамады деген айыппен 22 жастағы студент Махса Әминиді ұстап әкеткен. Ол үш күннен кейін ауруханада көз жұмған. Полиция қыздың аурудан қайтыс болғанын, бірақ куәлер оның қатты азапталғанын айтқан.
Осыған байланысты елдің кемінде 80 қаласында наразылық тұтанды. Демонстранттар арасында елдің рухани көсемі, аятолла Али Хаменеиге қарсы "Диктаторға өлім!" деп ұрандатқандар көп болды.
Иран билігі наразылықты басу үшін ұсталғандарға қатал жаза тағайындап, бірнеше адамды өлім жазасына кесті. АҚШ бастаған батыс елдері және бірқатар халықаралық ұйымдар митингіге шыққандарға қарсы үкімді қатал айыптады.
Норвегияда орналасқан ирандықтардың құқығын қорғау ақпарат агенттігі (Human Rights Activists News Agency – HRANA) Ирандағы соңғы қарсылықтардың құрбаны 470-ке жеткенін мәлімдеді. Оның 64-і – бала.