Тоқаев бірнеше елшіні қызметтен босатты. Арасында күйеу баласы да бар

Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Грузия, Болгария және Литвадағы елшілерін қызметтен босатты. 9 желтоқсанда Ақорда сайтында арнайы жарлықтар жарияланды. Тоқаев босатқан елшілер арасында күйеу баласы Теміртай Ізбастин де бар. Тоқаевтың туған қарындасы Қарлыға Ізбастиннің күйеуі Теміртай Ізбастин 2019 жылдың қарашасынан бері Қазақстанның Болгариядағы елшісі болған.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның Грузиядағы елшісі Бауыржан Мұхамеджанов қызметінен босатылған. Оның орнына бұған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Мәлік Мырзалин тағайындалды.

Жұма күні сонымен бірге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиев Қазақстанның Албаниядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалғаны белгілі болды.

Тоқаев бұған қоса, Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастинді де қызметінен босатқан. Оның орнына Виктор Темірбаев тағайындалған. Темірбаев бұған дейін Қазақстанның Литвадағы төтенше және өкілетті елшісі болған. Қазақстанның Литвадағы елшісі болып Тимур Оразаев тағайындалған.

65 жастағы Теміртай Ізбастин – Тоқаевтың туған қарындасы Қарлығаның күйеуі. Ол дипломатиялық қызметті Тоқаев сыртқы істер министрі болып тағайындалған жылы (1994) бастаған. 25 жылы бойы Қазақстанның түрлі елдегі елшіліктерінде қызмет атқарған Ізбастин 2019 жылдың қарашасында туған қайын ағасы, яғни, президент Тоқаевтың жарлығы бойынша Қазақстанның Болгариядағы елшісі болып тағайындалды.

Бұған дейін Қазақстан Конституциясына президент туыстарының белгілі бір мекемелерде басшылық қызмет атқаруына тыйым салатын тармақ қосылған. Биыл сәуірде әділет министрі Қанат Мусин журналистерге берген сұхбатында бұл өзгеріс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарына да қолданылатынын айтқан. Дегенмен бұған дейін Азаттық заңда бекітілген тізімде қарындасының күйеуі жоқ екенін байқаған.

Азаттық 2022 жылғы сәуірде жарияланған зерттеуінде Теміртай мен Қарлыға Ізбастиндердің ұлы Бекеттің квазимемлекеттік секторға жататын PSA компаниясын басқаратынын да жазған. Жаңа заң бойынша ол да Тоқаевтың жақын туысы емес, яғни Бекет Ізбастин бұл қызметін әрі қарай атқара беруі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституциядағы президенттің жақын туыстары туралы жаңа тармақ не өзгертеді?