Шымкент аппеляциялық соты Абай аудандық прокуратурасының "белсенді Ерғали Құлбаевтың жазасы рақымшылық заңы бойынша дұрыс қысқартылған жоқ" деген аппеляциялық өтінішін қарап, істі прокуратураның пайдасына шешті.
8 қарашада Абай аудандық соты Ерғали Құлбаевқа рақымшылық заңын қолдану туралы қаулы қабылдап, өтелмеген жазасының төрттен үш бөлігін қысқартқан. Қалалық прокуратура жазаның өтелмеген бөлігін емес, толық мерзімін қысқарту керек деп алдыңғы сот қаулысын бұзуды сұраған.
Сот бас-аяғы 15 минутқа созылды. Құлбаев мемлекеттік қорғаушысымен сот залында танысты. Судья Азаттық тілшісінің сот отырысына қатысуына қарсы болмады, бірақ фото-видео түсіруге тыйым салды.
Прокурор Рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, жазаның толық мерзімін алып, қысқарту керек деген өтінішін қайталады. Адвокат "алдыңғы сот қаулысын өзгеріссіз қалдыруды сұраймыз" деді. Белсенді амнистия сотында прокурор қаулыны үнсіз тыңдап, біраз уақыт өткеннен кейін қарсылық білдіріп отырғанын, оның бұл талабын негізсіз санайтынын айтты.
Сот шешім шығаруға кетіп, бес минутта кері оралды. Судья Аманқұлова прокурордың өтінішін қанағаттандыру туралы шешімін оқыды. Белсенді "Сонда жазамның өтелмеген қанша бөлігі қалды?" деп сұрады. Судья "Оны пробациялық бақылау қызметінен сұрайсыз" деп жауап берді.
- Қамауда отырған бір күнді бір жарым тәулік деп есептегенде, үш жыл үш ай мерзімім қалып еді. Абай аудандық соты амнистия бойынша, сол үш жыл үш ай мерзімнің төрттен үш бөлігін қысқартқан. Оған прокуратура қарсы болып, жазаның жалпы мерзімінің (төрт жылдың) төрттен үш бөлігі қысқарады деп отыр. Сонда менің бірнеше ай түрмеде жатқанымды ескермей отыр ғой, - деді Құлбаев соттан кейін.
Белсенді Ерғали Құлбаев Қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты және халықты өзіне қосылуға шақырды деген айыппен 9 қаңтарда қамауға алынып, 18 мамырда босатылған. Еңбекші аудандық соты белсендіні төрт жыл шартты жазаға кескен. Белсенді 2 тамыздан бастап пробациялық бақылауға алынған.
Бүгін, 9 желтоқсандағы сот қаулысына сәйкес, белсендінің төрт жылдық шартты жазасының төрттен үш бөлігі қысқарады. Құлбаев жаза мерзімі аяқталғанша пробациялық бақылауда болады. Рақымшылықтан кейін белсендінің әлі қанша уақыт бақылауда жүретінін пробациялық қызмет анықтайды.