Ресей аннексиялап алған Украинаның Мелитополь қаласында әуе соққысынан кейін қонақ үй кешені өртенген. Бұл жөнінде аннексияланған Запорожье облысындағы Ресей әкімшілігінің өкілі Владимир Рогов хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, екі адам опат болған, он адам жараланған. "Өрт сөндірушілер өртті сөндіріп, үйінді астынан адамдарды құтқаруға тырысып жатыр" деп жазды Рогов Телеграм-арнасында.
Ресей билігі тағайындаған Запорожье облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы Евгений Балицкий әуе шабуылынан қорғайтын жүйе екі HIMARS зымыранын атып түсіргенін, төртеуі нысанаға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, демалыс орны тұтас қираған.
- 7 желтоқсанда Ресейдің Мелитопольда тағайындаған қала жетекшісінің орынбасары Николай Волыкқа қастандық жасалғаны белгілі болған. "База" басылымы тергеушілерге сүйене отырып, Волык тұратын үйдің маңындағы шамдардың біріне жарылғыш зат орнатылғанын жазды. Astra басылымының жазуынша, жарылыстан кейін көп қабатты тұрғын үйлердің терезесі шағылған. Жарылыстың салдарынан ешкім зардап шекпеген.