Иранда билікті сынаған наразылыққа қатысқан кемінде 24 адамға өлім жазасы қаупі төніп тұр. Осы апта соңында Иранның Etemad басылымы сот органдары құрастырған 25 демонстранттың тізімін жариялады. Жазбада олардың "Құдайға қарсы соғыс жүргізгені" жазылған. 8 желтоқсанда Иранда үкіметке қарсы жаппай наразылық акциясына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген белсенді Мохсен Шекари дарға асылған. Тізімде оның да аты-жөні бар.
Иранда наразылық акциясы екі ай бұрын басталған. 13 қыркүйекте Тегеранның "әдеп полициясы" көшеде хиджаб кию тәртібін сақтамады деген айыппен 22 жастағы студент Махса Әминиді ұстап әкеткен. Ол үш күннен кейін ауруханада көз жұмған. Полиция қыздың аурудан қайтыс болғанын айтса, куәлер оның қатты азапталғанын айтқан.
Осыған байланысты елдің кемінде 80 қаласында наразылық тұтанды. Наразылар Әмини өліміне кінәлілерді табуды, әйелдер құқығын сақтауды талап етті. Демонстранттар арасында елдің рухани көсемі, аятолла Али Хаменеиге қарсы "Диктаторға өлім!" деп ұрандатқандар көп болды.
Иран билігі наразылықты басу үшін ұсталғандарға қатал жаза тағайындап, кейбір демонстранттарды өлім жазасына кесті. АҚШ бастаған батыс елдері және бірқатар халықаралық ұйымдар митингіге шыққандарға қарсы үкімді қатал айыптады.
Норвегияда орналасқан ирандықтардың құқығын қорғау ақпарат агенттігі (Human Rights Activists News Agency – HRANA) Ирандағы соңғы қарсылықтардың құрбаны 470-ке жеткенін мәлімдеді. Оның 64-і – бала.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран билігі "әдеп полициясын" таратты, хиджаб кию заңын қайта қарауға уәде етті