Сергей Шойгу Украинада Ресей әскері шоғырланған орындарға барып қайтты

Ресей басшысы Владимир Путин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу. Маусым, 2022 жыл.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинада Ресей әскері шоғырланған орындарға барып қайтты. Бұл жөнінде жексенбі таңертең Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады. Ол тікұшақпен алдыңғы шептерді аралап, командирлердің есептерін тыңдаған. Шойгудың нақты қайда болғанын әскери ведомство айтқан жоқ.

Министрліктің хабарлауынша, Шойгу "әскермен жан-жақты қамтамасыз етуді ұйымдастыру, жеке құрам солдаттарын көшіру жағдайы, медициналық және тыл бөлімшелерінің жұмысына ерекше мән берген".

17 желтоқсанда президент Владимир Путиннің Украинадағы соғысқа қатысып жатқан біріккен штабқа барып, әскери басшылармен кездескені хабарланған еді. Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшыларының пікірінше, Кремль осылайша Путинді соғыс жағдайындағы жауапты басшы ретінде көрсетуге тырысады, бұл әсіресе соғыс жақтастарының жуырдағы сынынан кейін маңызды. Сарапшылар сонымен бірге Кремль үшін қорғаныс министрлігін біртұтас тиімді жұмыс істейтін ұйым ретінде көрсету де маңызды екенін, осылайша ұйымның беделін жақсартқысы келетінін алға тартады. Рамзан Қадыров пен Евгений Пригожин және олар басқаратын әскери құрылымдардың ықпалын теңестіруді көздейтінін де жеткізеді.

  • Ресейдің Украинаға басып кіргеніне он айға жуықтады.