Ресей дипломатының Грекия азаматтығын алған ұлын Австрия ішкі істер министрлігінің арнаулы қызметі Вена қаласында ұстаған. Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы оны Ресейдің әскери барлауы үшін тыңшылық жасады деп есептейді. Министрлік есебімен танысқан Автрия баспасөзі Ресей дипломатының ұлы бес жылға дейін сотталуы мүмкін деп хабарлады.
39-жастағы грек азаматы Вена шетіндегі аудандағы пәтерінде 24 наурызда қамауға алынған. "Аса қауіпті күдікті" деп есептеліп, оны ұстауға арнаулы қызметтің екі тобы жұмылдырылған. Оның пәтерінен тыңдағыш құрылғы детекторы, құпия камера, минаны залалсыздандыру кезінде киетін сапер киімі табылған, - дейді Kurier газеті.
Вена тергеушілері күдікті ақпарат жіберу үшін пайдалануы мүмкін құпия орындарды тапқан. Сәуірде Австрия Ресейдің Венадағы елшілігінің үш қызметкерін және Зальцбургтегі консулдық қызметкерін елден шығарып жіберген. Оларды дипломат жұмысына қатысы жоқ жұмыстарымен шұғылданды деп айыптаған.
Күдіктіге Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Австрияның реакциясы қандай болатынын білу тапсырылған болуы мүмкін. Күдікті Ресей Украинаға басып кірерден бұрын, ақпанда Ресейге барып келген. Кейінгі төрт жылда Мәскеу, Минск және Тбилисге 65 рет барған.
Тұтқындалған күдікті түрлі елдердің барлау қызметкерлерімен және дипломаттарымен байланыс орнатқан. Оның әкесі де Ресей барлауымен байланысты болуы мүмкін. Ол Ресейдің Германия мен Австриядағы дипломаты болған. "Вена халықаралық шпионаж орталығы ретінде танымал" деп жазады Kronen Zeitung. Австрия мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының есебінше, Венада шетелдің жеті мыңнан астам агенті болуы мүмкін.
"Күдікті Австриядан әлеуметтік төлем алған" деп жазады Express. Ресей мен Грекиядан жылжымайтын мүлік сатып алған. Күдікті тергеумен келісімге келуден бас тартқан, өзіне тағылған айыпты мойындамаған, сотқа дейін босатылған.