Энергетика министрлігі: Қазақстандағы жылу электр орталықтарының жартысы апат жағдайында тұр

Екібастұз қаласы. 6 желтоқсан 2022 жыл

Қазақстандағы 37 жылу электр орталығының 19-ы апат жағдайында тұр. Мұны энергетика министрі Болат Ақшолақов бүгін, 20 желтоқсанда өткен үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, 37 ЖЭО-ның 19-ы "қызыл", 11-і "сары", 7-еуі "жасыл" белгіде тұр. Мұндай белгі жылу электр орталығының пайдаланылған мерзімі мен тозу деңгейіне және білікті кадр тапшылығына байланысты қойылған.

Тозығы жеткен ЖЭО-ларды жөндеу үшін 182 миллиард теңге керек.

"Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 миллиард теңгені құрайды. Қазір электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеуге керекті шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 миллиард теңге" дейді энергетика министрі.

Министрдің айтуынша, коммуналды және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО-ны мемлекеттік бюджет есебінен, ал 22 ЖЭО меншік иелері есебінен жөнделуге тиіс.

Өткен айда Паводар облысының Екібастұз қаласындағы ЖЭО-да ірі апат болып, қыстың күні қала жылусыз қалған.

Your browser doesn’t support HTML5

Мұз құрсауындағы қала. Екібастұзда не болып жатыр?