Қазақстан 2023 жылы қаңтарда сынақ ретінде "Достық" құбыры арқылы Германияға мұнай тасымалдап көреді. Бұл жөнінде "Қазмұнайгаз" компаниясының 21 желтоқсан күнгі баспасөз хабарламасында айтылған.
"ҚМГ-нің мұнай өндіруші ұйымдарының шикізаты Қазақстанның ішкі нарығына мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын көлемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading'ке жеткізіледі, ол алдымен «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» президенттің тапсырмасына сәйкес, Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр" деді 20 желтоқсанда ҚМГ басқарма бастығы Мағзұм Мырзағалиев.
ҚМГ-ның хабарлауынша, 20 желтоқсанда "Қазмұнайгаз" басшылары Германияның экономика және климатты қорғау істері жөніндегі министрлігі өкілімен - онлайн, Бундестаг депутаты Кристиан Геркемен Астанада офлайн кездесу өткізген. Тараптар Қазақстан мұнайын Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына экспорттау мәселесін талқылаған. Германия жағы "Достық" мұнай құбыры арқылы шикізатты тұрақты тасымалдауға қызығушылық білдірген.
"ҚМГ басшысы Қазақстан мұнайын аталған мұнай құбыры арқылы Германияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті" деп жазылған ҚМГ хабарламасында.
Тараптар "өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміт білдірген".
Шведт қаласында орналасқан, жылына 10 миллион тоннадан астам шикі мұнайды өңдеуге шамасы бар мұнай өңдеу зауыты Берлин мен Шығыс Германияның көп бөлігін отынмен қамтамасыз етіп отыр.
"Достық" құбыры – Ресей мұнайын ЕО-қа тасымалдайтын ірі арналардың бірі. Ол Ресейден басталып, бір тармағы Беларусь, Польша, Германия, Латвия, Литваға барады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Елші: АҚШ Астанамен Қазақстан мұнайын экспорттаудың балама жолдарын табу мәселесін қызу талқылап жатыр