Қазақстан қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовты елге қайтаруға барынша күш салады. Бұл жөнінде 21 желтоқсанда бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.
Жуырда Франция қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовты босқын мәртебесінен айыру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді. Оның алдында француз басылымдары Қазақстан мен Франция билігінің "Әблязов ісін талқылағанын" жазған. Алайда ресми Астана мұны жоққа шығарған. Экс-банкир Қазақстан билігі өзін саяси себеппен қудалап отыр деп санайды.
– Қазақстанда Әблязовқа қатысты қудалау органдары екі қылмыстық іс қозғаған: бірі БТА қаржысын жымқыру фактісі бойынша; екіншісі кісі өліміне қатысты. Екі іс бойынша да үкім күшіне енгеннен кейін Францияның өкілетті органдарына біздің сұраныс хаттарымыз жолданды. Олардың қаралу статустары әртүрлі мерзімде... Біздің сұраныс хаттарымыз біздің бақылауымызда. Біз осыларды орындауға барынша күш саламыз, - деді Жандос Өмірәлиев.
Ол "Әблязовты қайтару бойынша жұмыстар тоқтатылмайтынын" атап өтті.
Жуырда Франция соты қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтің саяси баспадан айыру шешіміне апелляциясын кері қайтарған. Бұған дейін ақпарат құралдары Әблязовтың "босқын мәртебесінен біржола айырылғанын" және оның "Қазақстанға депортациялануы мүмкін екенін" жазған.
Әлеуметтік желідегі парақшаларында Мұхтар Әблязовтың өзі осындай сот шешімі болғанын, оған қарсылық білдіретінін айтты. Оның айтуынша, француз сотының бұл шешімі заңсыз, сондықтан оған шағым түсіруге мүмкіндік бар.
Әблязовтың айтуынша, француз сотының мұндай шешім шығаруына "Қазақстанның ұзақ әрі күшті қысымы" себеп болған.
Өткен айдың соңында Францияда шығатын Le Figaro басылымы Қазақстан мен Франция президенттерінің 30 қарашадағы Парижде өткен кездесуі кезінде Мұхтар Әблязов ісі де талқыланды деп жазған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл ақпаратты жоққа шығарған. Бұл іс "құқық қорғау және сот органдарының құзырындағы мәселе, сондықтан ол саяси деңгейде талқыланбайды" деген еді Василенко.
2020 жылғы қыркүйекте Франция Әблязовқа саяси баспана берген. Мұның алдында Париж Ресейдің, Қазақстан мен Украинаның Әблязовты өзіне экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ол кезде қуғындағы саясаткерді қайтару туралы өтініштің саяси астары болуы мүмкін деген күдік айтылған.
Алайда кейін бұл шешімнің де күші жойылғаны хабарланды.
- Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстаннан кеткенге дейін БТА банкті басқарған. Қазақстан оны миллиардтаған долларды жымқырды деп айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтады. Астана ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.