Қазақстан билігі халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының Қаңтар туралы мәлімдемесімен келіспейді. 21 желтоқсанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев осылай деп мәлімдеді.
Бір күн бұрын HRW "Қазақстан билігі кемі 238 адамның өмірін қиған, адам құқығы өрескел бұзылған" Қаңтар оқиғасын "тиімді тергей алмады" деп мәлімдеген.
"Әрине, [мәлімдемемен] келіспейміз. Қаңтар оқиғасы бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде біз ашықтық принципін сақтап отырмыз. Барлық ақпаратты өздеріңіз көріп отырсыздар. Брифинг сайын айтып жатырмыз. Кім болса да заң алдында бірдей. Азамат болсын, құқық қорғау органының лауазым иесі болсын, барлығы заң алдында жауап береді" деді Жандос Өмірәлиев.
Қаңтарда оққа ұшқан 230-дан астам адамның өлімі бойынша құқық қорғау органдарына қарсы санаулы үкім ғана шыққаны қоғамда жиі сыналады. Бұл жөнінде бас прокурордың орынбасары "егер тағылған айыптар болса, керек болса фамилияларын да айтамыз; ертең сағат 4-те брифингке келіңіз" деді.
HRW 20 желтоқсанда жарияланған мәлімдемесінде Астана Қаңтар оқиғасында адам шығынына жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жазаға тартуға құлықсыздық танытып отыр деген.
HRW Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу "біржақты болғанын", наразылыққа шыққан мыңнан аса адам жауапқа тартылғанын, ал құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері сотталғанын атап өткен.
"Қаңтар оқиғасына бір жыл толып қалса да қаза тапқандардың отбасылары, жараланған жүздеген адам мен азапталғандар әлі әділдік күтіп отыр" деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман.
Қаңтар басында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылық соңы қантөгіске ұласқан еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға шетелден келген "террористерді" айыптағанымен, бұл сөзіне еш дәлел келтірмеген. Бұған қоса, Тоқаев қырғын кезінде орган қызметкерлері мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.
Қазақстан билігі оқиға кезінде ұсталған алты адам қамауда азапталып, қаза тапқанын; қырғын кезінде 238 адам (оның ішінде 19 орган қызметкері бар) қаза болғанын айтқан. Бас прокуратура тергеуде 25 адам азапталғанын мойындағанымен, азаптауға қатысты көптеген істерге қатысты нақты шешім шыққан жоқ.