Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеспек болған белсенді Санавар Закирова "полицияға бағынбады" деген айыппен 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.
Закирова мен адвокаты Гүлшат Дүйсенова сот шешімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Сотта Закирова "полиция заңсыз ұстағанын, қамауда отырғанда тамақ бермегенін, мүгедектігі барын" айтып, судьядан өзін босатуды сұрады. Бірақ сот белсендінің айтқанына қарамастан 10 күнге қамау туралы шешім шығарды.
20 желтоқсанда Астанада полиция президент пен премьер-министр Әлихан Смайловқа талаптарын айтпақ болған бір топ әйелді күштеп ұстаған. Кейін полицейлер ұсталған 11 әйелді Есіл ауданының полиция бөліміне жеткізген.
Әйелдердің ұсталғанын Астана қаласы полиция департаменті растаған еді. Полиция жетеуіне хаттама толтырып, төртеуін сотқа дейін бөлімшеде қалдырған. Бөлімшеде қалғандардың арасында Закирова да бар. Ұсталғандардың көбі Астанаға басқа аймақтардан келген.
Полицияға жеткізілген қалған 10 әйелге қатысты сот шешімі шыққан-шықпағаны белгісіз. Астана қаласының соты я полиция департаменті бұған қатысты әзірге ешқандай ақпарат таратқан жоқ.
Қазақстанда кейінгі кезде азаматтар әлеуметтік мәселелер мен сот шешімдеріне қатысты наразылық білдіріп, Астанаға жиі келіп жүр. Олардың көбі өз аймақтарындағы әкімдіктер мен соттан "күдер үзгендерін" айтып, мәселелерін президентке я үкіметке жеткізгісі келеді. Бірақ арнайы жасақ оларды Ақордаға өткізбей таратып жібереді я ұстап әкетеді.
Белсенді Санавар Закирова осыған дейін "митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен бірнеше рет қамауға алынған. Ол 2018 жылдан бері "Наше право" деп аталатын партиясын тіркете алмай жүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Тоқаев мырза шықсын!" Астанада әйелдер қымбатшылықты айтып, наразылық білдірдіТұрғындар президенттен әкімді жұмыстан шығаруды талап етеді Қаңтар оқиғасының құрбандары мен қамауда отырғандардың туыстары Ақордаға арызданды