Сәрсенбі күні Вашингтонда АҚШ және Украина президенттерінің кездесуі өтті. Бұл Зеленскийдің Ресей Украинаға басып кіргелі бері шетелге жасаған алғашқы сапары. Джо Байден Владимир Зеленскийді президент резиденциясына кіреберісте жылы қарсы алды.
Кездесу басында Байден Америка халқы Украинаны "мақтанышпен" қолдайды және оның "әділетті әлемге" ұмтылысын қуаттайды деді. АҚШ президенті Ресейдің Украинадағы инфрақұрылымдарды атқылауын айыптап, Мәскеу қақаған аязды "қару ретінде пайдалануға тырысып жатыр" дем мәлімдеді. Украин халқы әлемді "рухтандырып жатыр" деген пікірін де жеткізді.
Зеленский АҚШ президенті, Конгресс және америкалықтарға Украинаға көмегі үшін алғыс білдірді.
Келіссөз аяқталғаннан кейін екі ел басшылары ортақ баспасөз жиынын өткізді. Кездесуден "Настоящее время" арнасы тікелей эфирде хабар таратты.
Байден баспасөз жиынында соғыстың жалғасып жатқанына 300 күннен асқанын еске салды. Ол украин халқы Ресей басқыншылығына төтеп беріп келеді және АҚШ украин халқының бостандық үшін күресін қолдай береді деп мәлімдеді. Байден осы тұста АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары мен Украинаға әскери техника мен қару-жарақ жеткізгенін және қаржылай қолдағанын да атап өтті. Украинаны қолдау арқылы АҚШ пен одақтастары азаттық, демократия және халықаралық құқықтың негізгі принциптеріне дем береді деді.
Байденнің сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин әзірге бейбітшілікке ұмтылысын көрсеткен жоқ. Президент АҚШ-тың Украинаға беретін жаңа әскери көмегі туралы да баяндады.
Зеленский баспасөз жиыны кезінде кездесуді "тарихи сәт" деп атап, басталғанына 300 күн болған соғыста АҚШ Украинаның нағыз әріптесі әрі одақтасы екенін дәлелдеді деді. Зеленский сонымен бірге қанатты зымыран шабуылдарынан қорғауға мүмкіндік беретін Patriot жүйесіне де тоқталды. Украина басшысы сонымен қатар алдағы жылмен байланысты "стратегиялық" мәселелер, Украина халқына көмек, сонымен бірге басқыншылыққа кінәлілерді жазалау мәселелері талқыланғанын да атап өтті.
Зеленский ағылшын тілінде Америка халқына қайырылды. Ол әлемге бейбітшілік тілеп, "тиранияны" бірігіп жеңетінімізге сенімдімін деді.
Зеленскийдің айтуынша, Украина территориялық тұтастық және соғыс шығынын өтеу мәселесіне келгенде ешқандай шартқа көнбейді. Байден Зеленскиймен көзқарастары көп жағдайда сәйкес келетінін жеткізіп, Украина айтқан шарттармен бейбіт келісім жасалуы тиіс, ал оның кілті соғыстағы жеңіс деді.
Ол сонымен бірге Путиннің "сәтсіздікке ұшырап" мақсатына жете алмағанын да атап өтті. Байден дегенмен АҚШ Украина сұраған қарудың барлық түрлерін бере алмайтынын, себебі мұны НАТО бойынша одақтастары мақұлдамайтынын, бұған қоса Ресеймен тікелей текетіреске түсуден аулақ болу қажеттігін атап өтті.
"Путинге не айтқыңыз келеді?" деген сұраққа Зеленский "қазір әлемге не айтқысы келетінін Путиннің өзі ойлануы тиіс, ол өзін өркениетті адамдар қатарынан шығарып тастады" деді.
Байденмен кездескеннен кейін Зеленский АҚШ Конгресінде сөз сөйледі.