Шымкент қаласының әкімдігі "балаларымыз атылған алаңға шырша қойылмасын" деген ата-аналар талабын орындауға келісті. Әкімдік алдындағы алаңда тұрған шырша бүгін, 22 желтоқсан түнде немесе ертең, 23 желтоқсан түске дейін басқа орынға көшірілуі тиіс.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан жиырма азаматтың жақындары бейсенбіде әкімдікке тағы барды. Олар бұған дейін "қан төгілген алаңға шырша қойылмасын" деген талап айтып, әкімдікке шыршаны алып тастауға екі күн уақыт берген.
Әкімдік алдына жиналған ата-аналар жергілікті биліктің шыршаны орнында қалдырғанын, үстіне қар пішіндес ойыншықтар іліп, алаңды безендіріп қойғанын көрді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қан төгілген алаңға шырша тікпесін". Қаңтар құрбандарының туыстарының билікке талабыТалаптары елеусіз қалғанына наразы болған топ әкімдікке қарай беттеді. Олармен кездесуге екі күн бұрын "мәселені шешуге" уәде берген Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов келіп, "шырша 3 қаңтарға дейін тұрады, содан кейін алып тастаймыз. Бірақ алаңда мерекелік шаралар болмайды" деді.
Ата-аналар әкімнің шешімімен келіспей, "мереке тойлап болғаннан кейін алып тастаудың не қажеті бар?" деп қарсылық білдірді.
Әкім "Қаратау ауданында 280 мың халық бар, олар мереке тойлауы керек" дегенді алға тартты.
– Өз ауданыңызда тұратын 280 мың адамға "Марқұмдардың жылы толғанша, алаңға шырша қоя алмаймыз. Шырша басқа жерге ауысты" деп түсіндіруге болады ғой, – деді Қаңтарда жарынан айырылған Арайлым Салдарова.
Жиналғандар "Шыршаны сұраған адамдардың ауласына, тұрғын үйлердің арасына, басқа кез келген орынға тігейік, бірақ балаларымыз атылған алаңнан алып тастайық. Жаңа жыл болған соң, ішіп алған адамдар келеді, балалар өлген жерді басады, әруақты қорламайық" деп қарсы болды.
Әкім "алаңда полиция болады, мас адамдарды жүргізбейді" деді. Бірақ ата-аналар әкімнің сөзіне сенген жоқ.
– Қаратау ауданына 38 мың гектар жер қарайды екен. Әкімдік алдындағы алаңнан басқа жерден шырша қоятын жүз метр орын табылмай ма? – деді ата-аналардың бірі.
Әкім басқа жерде мұндай үлкен алаң жоғын айтты.
Ата-аналар "Сіз мәселені шеше алмайсыз ба? Онда Әйтенов мырза (Шымкент қаласының әкімі – Ред.) келсін!" деген соң, аудан әкімі кетіп қалды.
Жиналғандар "шыршаны алып тастау туралы шешім қабылданбайынша, тарамаймыз" деп әкімдікте күтіп отырды. Көп ұзамай Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов келіп, шыршаны басқа орынға көшіретіндерін айтты.
– Шырша мен алаңға қойылған 16 мафты (үстіне жылтырақ шамдар ілінетін темір декорация) "Шымкент плаза" сауда орталығының алдына қоямыз деп шештік. Әкімдік алдында жаңа жылдық шаралар да, мерекелік атрибуттар да болмайды, – деді әкімнің орынбасары.
Ата-аналар талабы орындалғанына қуанып, үйлеріне тарады.
- Қаңтардың басында Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан. Кейін елдің түпкір-түпкірінде халық Жаңаөзенді қолдап, алаңға барған. Ал 5 қаңтарға қараған түні бұл бейбіт митинг соңы қантөгіске ұласты. Билік оқиғадан ел бойынша 238 адам қаза болды дейді.
- Ресми дерек бойынша, 4-6 қаңтар аралығында Шымкентте 20 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жараланған. Қаза болғандардың ең үлкені – 1984 жылы туған, ең жасы қайтыс болған кезде әлі 18 жасқа толмаған. Көбі үйленбеген.