29 желтоқсанға қараған түні Алматыда екі жер сілкінісі болды. Бірі 28 желтоқсан түнгі сағат 23.17-де, екіншісі – 29 желтоқсан түнгі сағат 1.17-де болған. Бұл ақпаратты сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы жариялады.
Екі жағдайда да жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан шамамен 260 шақырым жерде Қырғызстан аумағында тіркелген.
Ақпаратқа қарағанда, біріншісі екіншісіне қарағанда сәл екпіндірек болған: жер сілкіністерінің энергетикалық класы – 13.4 және 10.5, ал магнитудасы 6.2 және 5.1 деп хабарланды.
Алматы тұрғындары түнде әлеуметтік желіде жер тербелісі сезілгенін жазды. Кейбірі "жиһаздардың қозғалып кеткенін", кейбірі "әйнек сықырлағанын" айтты.
Алматы төтенше жағдай департаменті зардап шеккендер туралы ақпарат жоғын хабарлады. Халықтан "112", "101" нөмірлеріне қоңырау түспеген.
Төтенше жағдай министрлігіне қарайтын "Қазселқорғау" гидротехникалық жабдықтарда жарықшақтар байқалмағанын хабарлады.
Өткен аптада сейсмологтар 17 желтоқсанда екі жер сілкінісі болғанын хабарлаған. Екеуі де Алматының оңтүстігінен 248 шақырым жерде болған. Энергетикалық класы – 9,5, магнитудасы – 4,0. Сілкініс жердің 15 километр терең қабатында болған.