Министрлік армиядағы солдат өлімінің жиілегені жөнінде: Жауаптымыз, бірақ қарулы күштер - қоғам бөлшегі

Армияда қаза болған солдаттың туыстары әскери бөлім өкілдеріне сұрақ қойып жатыр. Түркістан, Сарыағаш ауданы 6 маусым 2022 жыл.

Армиядағы солдаттар өлімінің жиілегені жайлы ақпаратқа түсініктеме берген қорғаныс министрлігі Қарулы күштер қоғамнан тыс өмір сүріп жатпағанын алға тартты. Қоғамда болып жатқан процестер әскери ұжымда да болады, деді орталық коммуникациялар қызметі брифингісі кезінде Азаттық сұрағына жауап берген қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов. Азаттық оған "қорғаныс министрлігі бейбіт кезде солдаттар мен әскери қызметкерлердің қазасына өзін жауапты сезіне ме және жыл сайын әскери борышты өтеу жағдайы жақсарып бара жатыр деген мәлімдемелерге қарамастан неге армияда осындай жайттар болып жатыр?" деген сұрақ қойған еді.

Сұлтан Камалетдинов "қорғаныс министрлігі мен оған қарайтын әскери бөлімдер үшін ғана" жауап беретінін атап өтіп, сөз кезегін тәрбие және идеология жұмыстары департаментінің басшысы Серік Боранбаевқа берді.

—Иә, жауаптымыз. Және әрбір оқиға бұл тек жақындары үшін ғана емес, Қарулы күштер үшін де орны толмас қаза. Дегенмен төменнен бастап қорғаныс министрлігі басшылығына дейін жауапкершілікті арқалайды. Сол себепті әрбір жағдай жеке қаралады. Бірақ нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қояйықшы. Түрлі категориялар бар: жедел қызмет солдаттары, әскери қызметкерлер, офицерлер, – деді Серік Боранбаев. Ол "олардың барлығы таңертең қызметке келіп, кешке үйлеріне қайтатын, өз мәселелері бар қарапайым азаматтар" деді.

Спикер сонымен бірге "Өмірді сақта" бағдарламасының енгізілгенін, оған парламент депутаттары мен "солдаттардың аналарының комитеті" өкілдері қатысқанын атап өтті.

2022 жылы сәуірде Жамбыл облысы Отар ауылындағы 30212 әскери бөлімге келгеннен кейін төрт күннен соң көз жұмған Әлібек Қалбай қазасынан кейін әскери бөлім басшылары үстінен "Қызметке немқұрайлы қарау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бейсенбі күні "қорғаныс министрлігі басшылары арасынан кім күдікке ілініп отыр?" деген сұраққа ведомство өкілдері тергеу бойынша сұрақтарды "әскери тергеу басқармасына қою қажеттігін" айтты.

Жыл басынан бері Қазақстан армияларында бірнеше солдаттың қаза болғаны, кемінде төртеуінің "суицидтен көз жұмғаны" хабарланды. Кей сарапшылар армиядағы өлімнің көбеюін әскердегі әлімжеттікпен байланыстырады.