Құқық қорғау ұйымы Қаңтарда жоғалған Өзбекстан қазағын іздеуді тоқтату шешімімен келіспей, сотқа шағым түсірді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің кеңсесі. 12 желтоқсан 2022 жыл.

"Халықаралық құқықтық бастама" қоры Қаңтар оқиғасы кезінде із-түзсіз жоғалған Өзбекстан қазағы Мақсет Қанатбаевты іздеуді тоқтату туралы шешіммен келіспей, Алматының тергеу сотына шағым түсірді. Бұл туралы жәбірленуші жақтың өкілі, қордың заңгері Амангелді Шорманбаев хабарлады.

"Мұның алдында да бізге сол мекеменің басқа бір қызметкерінен жауап келген. Іс тоқтатылды деген. Яғни, бір мекемеден екі түрлі жауап түсті. Бірінде - іс тоқтатылды, екіншісінде қысқартылды деп жазылған. Біз оның бәрін сотқа бердік. Қайсысы шын екенін білмеймін. Оның бәрін енді сотта ғана білетін шығармыз. Соттан іздеуді қайта жалғастыруды талап етеміз" деді Амангелді Шорманбаев 29 желтоқсанда Азаттық тілшісіне.

Қаңтар оқиғасынан соң із-түзсіз кеткен 32 жастағы Мақсет Қанатбаев Алматыға Қарақалпақстанның Тақияташ қаласынан 2020 жылы келген. Алматыдағы "Алтын Орда" базарында жүкші болып жұмыс істеп жүрген оны Қаңтар оқиғасы кезінде полиция ұстап әкеткен. Полиция оны 12 қаңтарда босатқанын айтқан, алайда сол күйі үйіне келмеген.

Бірнеше айға созылған тергеуден кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті желтоқсан ортасында іздеу "қылмыс жасаған адамдардың анықталмауына байланысты іс тоқтатылды" деген еді. Тергеу басқармасының басшысы Тұрлыбек Амантай сол кезде Азаттыққа "тергеу нәтижесінде дәлелдеме табылмады, күдіктіні таба алмадық. Сол себепті іс уақытша тоқтап тұр. Күдікті табылған жағдайда ол қайта жандандырылады" деген.

Ал заңгер, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев тергеу тоқтаса, БҰҰ Адам құқығы комитетіне шағымданатынын айтады. "Оны камерада ұрды ма, соқты ма? Не үшін камерадан әкетілді? Мұндай сұрақтар қойылмаған. Оның жоғалуы мүмкін емес. Демек, оны өлтірген болуы мүмкін" деген еді заңгер Азаттыққа.

Видео: "Демек ол өлтірілді". Қаңтарда полиция ұстаған адам әлі табылмады (12 желтоқсан 2022 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

"Демек ол өлтірілді". Қаңтарда полиция ұстаған адам әлі табылмады

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін елде ресми мәлімет бойынша, кемінде екі адам із-түзсіз жоғалған. Ал құқық қорғаушылар тізімінде із-түзсіз жоғалғандардың саны одан да көп.