Тоқаев "Қаңтарда қатердің беті қайтарылып, қарашада әділ сайлау" өткенін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан халқын жаңа, 2023 жылмен құттықтап сөйлеген сөзінде президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аяқталған жыл "күрделі" болғанын айтты.

"Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық" деді Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік телеарналардан көрсетілген дәстүрлі сөзінде.

Бір жыл бұрын Қазақстанның бірнеше ірі қаласында үкіметке қарсы бейбіт митингілердің аяғы дүрбелеңге ұласып, Тоқаев "сырттан дайындалып келген 20 мың бандит шабуылдағанын" айтып, елде төтенше жағдай жариялап, күш құрылымдарына "ескертусіз атып, көзін жоюға бұйрық бергенін" мәлімдеген. Оның сұрауымен, Ресейдің ықпалы мол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Қазақстанға әскер енгізді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам мерт болған. Оққа ұшқандар арасында бейбіт тұрғындар, кәмелетке толмаған балалар бар.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылардың шетелдік сарапшыларды қатыстыра отырып ашық зерттеу жүргізу жөнінде бірнеше рет айтқан ұсынысын Ақорда кері қаққан. Жақында құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді деп сынады.

Тоқаев 2022 жылы "референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық, онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты" деді.

Маусымда ұйымдастырылған жалпыхалықтық референдумнен екі ай өткеннен кейін оның бастамасымен парламент Конституцияға ел президенті 7 жылдық мерзімге бір-ақ сайланатыны туралы өзгеріс енгізген. Қарашада кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Тоқаев 2029 жылға дейінгі мерзімге президент болып сайланған.

"Президент сайлауы ашық және әділ өтті" деді Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылау миссиясы "шынайы бәсеке болмады, әділ өткен жоқ" деп сынаған саяси науқан жайлы.

"Барыс жылы ауқымды өзгерістер мен жаңа дәуірдің бастауы болды" деген Тоқаев елде жаңадан үш облыс құрылып, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткенін, 400 мыңға жуық сәби дүниеге келіп, 23 миллион тонна астық жиналғанын айтты. "Бос жатқан 5 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды, бірнеше ірі өндіріс іске қосылды, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды, "Қазақстан халқына" қоры құрылып, көптеген азаматқа нақты көмек көрсетіліп жатыр" деді ол.

"Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық, бірқатар алпауыт елдердің сенімді серіктесі атандық" деді Тоқаев.

Ол 2023 жылы парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтетінін, бұған қоса аудан әкімдерін азаматтар тікелей өздері сайлайтынын еске салды.

"Бұл елде жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастырып, саяси мәдениетті көтеретініне сенімім кәміл. Адам құқын қорғау ісінде елеулі прогреске қол жетті. Экономикамыздың құрылымын қайта құру мен монополиядан арылтудың күрделі процесі басталды, мұнымен тоқтамаймыз" деді президент.

Ол жаңа жылда мемлекет сапалы жол, мектеп пен аурухана салу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауды жалғастырады деп уәде етті.

"Инфляцияны ауыздықтап, азаматтардың шынайы кірісін арттыру, өндірісті жолға қою үкіметтің ең бірінші міндеті болып қала береді" деді Тоқаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Тоқаевтан Зеленский жасауға тырысу". Қаңтар туралы кітаптағы "президентке мадақ" пен "саяси аңыз"Қаңтар қырғыны болған елдегі адам құқының ахуалыҚұқық қорғаушылар Қазақстанда 2022 жылы "саяси тұтқын" көбейгенін айтады Қаңтарды кім ұйымдастырды? "20 мың бандит" келгені рас па? Бас прокуратура өкілдерінен сұрадық"Елде жоқ жалақы" және "Ресейге емешегі езілген үкімет". Қазақстан экономикасы жайлы Айман Тұрсынханмен сұхбат