Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында Украинада әуе дабылы қағылды. Ресей Украина астанасы мен өзге қалаларын дрондармен және зымырандармен шабуылдады.
Киевте әуе дабылы төрт сағаттан астам уақыт бойы естіліп тұрды. Шабуыл 31 желтоқсанның кешінде басталып, 1 қаңтардың алғашқы сағаттарына дейін ұласты.
Украина әуе күштері Иран шығарған 45 камикадзе дронын жойғанын мәлімдеді. Оның 32-сін түн ортасынан кейін атып түсірген.
Шабуыл қарсаңындағы жаңа жылмен құттықтау сөзінде Ресей президенті Владимир Путин Кремльдің соғысты жалғастыра беретінін меңзеді. Кремль бастапқыда қысқа мерзімді әскери операция ретінде жоспарлаған соғыс 11-айға ұласып отыр. Сарбаздардың арасында тұрып сөйлеген сөзінде Путин "тарихи және моралдық шындық Ресейдің жағында" екенін айтты.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский 31 желтоқсандағы шабуыл басталған соң Путинді демалыс кезінде де шабуылды тоқтатпағаны үшін айыптап, тарих Ресей президентін аямайтынын мәлімдеді.
"Жаңа жыл қарсаңында зымыран шабуылының бірнеше толқыны болды. Зымырандар халықты нысанаға алды... Мұны ешкім кешірмейді. Украина кешірмейді" деді ол.
Жаңа жылмен құттықтау сөзінде Зеленский Украина халқына үндеу жолдап, "Бәріңізге бір-ақ нәрсені – жеңісті тілеймін" деді.
Киев мэрі Виталий Кличко шабуыл кезінде бір адамның қаза тауып, 22 адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Оның ішінде жапон журналисі де бар. Кличко Киев тұрғындарының 30 пайызы жарықсыз қалғанын айтты.
Украина құрлықтағы күштері қолбасшысының орынбасары Александр Павлюк Киевтің үш ауданында бейбіт нысаналар бүлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде бір жеке үй және қонақүй бар.
"Оккупанттар үшін соғыс жүргізудің заңы да, дәстүрі де жоқ. Олар бізді майданда болмаса да, қалаларымызды жою арқылы жеңгісі келеді. Бірақ олардың сәтсіздікке ұшырағаны ұшыраған. Өйткені біз жерімізді түгел қайтармайынша, күресті тоқтатпаймыз" деп жазды ол Telegram-парақшасында.
Бұл шабуылдың алдында санаулы күн бұрын ғана Ресей соғыс басталғалы ең ірі әуе шабуылын жасаған еді.