Бүгін, 4 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адамның айыбы жеңілдеді.
4 қаңтардағы сотта айыпталушылардан жауап алынуы тиіс еді, бірақ прокурор Дәулет Аймағамбетов жаңа айыптау актісін оқуға өтініш сұрады. Судья Зарема Хамидуллина прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
Қаңтар оқиғасында аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып, тергеу изоляторында отырған Оралбек Айсин, Ринат Әбішев, Дулат Бекжановтың айыбы "аса ауыр қылмыс" санатынын "ауыр қылмыс" санатына түсірілді. Оларға бұған дейін "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Ұрлық" баптары бойынша айып тағылған еді.
Енді жаңа айыптау актісіне сәйкес, үшеуінің "билік өкілінің өміріне немесе денсаулыққа қауіп төндіретін күш қолдану" айыбы "денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану" айыбына өзгерген.
Ал үйқамақта отырған Сағат Жолдасовқа "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "билік өкіліне қатысты күш қолдану", "Ресми құжаттарды пайдакүнемдiк мақсатта заңсыз алып қою не бүлдіру" айыптары тағылған еді. Жаңа айыптау актісінде одан "Ресми құжаттарды пайдакүнемдiк мақсатта заңсыз алып қою не бүлдіру" бабы алынып тасталды, "билік өкіліне қатысты күш қолданды" деген айыбы "денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану" айыбына ауысты.
Тағы 23 адамның "билік өкіліне қатысты күш қолданды"деген айыптары "денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану" айыбына алмасты.
Айыпталушылар мен жәбірленушілер жаңа айыптау актісімен келісті. Сот енді сотталушылардың жаза дәрежесі ауыр, онша ауыр емес, орташа деңгейдегі қылмыс болып қайта саралап, 10 қаңтарда істі қарауды жалғастырмақ.
Іс бойынша жалпы 115 жәбірленуші (олардың барлығы - полицейлер мен әскери қызметкерлер) бар. Жәбірленушілердің 20-сы Қаңтар оқиғасында жарақаттанғандарын айтқан. Осыған дейінгі сот отырысында жәбірлендік деген полицейлердің басым бөлігі денсаулықтарына аса көп зардап келмегенін айтқан еді.
Атырауда Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның төртеуі тергеу абақтысында отыр. Қалғаны үйқамақта я ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атырауда Қаңтардан соң айыпталған 27 адамның сотында Ұлттық ұланға "44 млн теңге шығын келгені" айтылдыҚаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.
Құқық қорғау органдары 35 жастағы Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі "қылмыс құрамы жоқ, полицей оқ атып қорғанған" деп тоқтатқан.
Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза болған. Мыңдаған адам қамауға алынып, түрлі жауапқа тартылған.
Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған.
Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, мемлекетке опасызсыздық жасағандар және билікті күшпен басып алуға талпынғандар ілінбейді.