Қаңтар қантөгісі кезінде алғаш рет әскери қару 5 қаңтарда сағат 16.00-де Алматыда президент резиденциясын қорғау кезінде қолданылды. 5 қаңтарда мәжілісте Қаңтар қантөгісіне қатысты сұрақтарға жауап берген бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, одан бөлек "әкімдік, полиция сияқты мемлекеттік нысандарға шабуыл жасалған кезде яғни, тәртіпсіздік күш қолдану фазасына ауысқан кезде қару қолданылған". Бұдан соң "қалаларды қарулы содырлардан тазартқан кезде" пайдаланылған.
"Яғни, шабуылдаушыларға оқ президенттің белгілі мәлімдемесіне (Тоқаевтың ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені туралы мәлімдемесі - ред.) дейін атылған. Бұл бойынша талқылаулардың барлығы әдейі қоғам пікірін қалыптастыру жағына қарай ойысып барады. Іс жүзінде күштік құрылымдарға қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы бұйрық керек жоқ. Бұл бойынша заң нормалары бар" деді Берік Асылов.
Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам қаза болған. 19-ы - күштік құрылым өкілі. Марқұмдардың тізімін құрастырған құқық қорғаушылар мен белсенділердің айтуынша, қаза болғандардың басым бөлігі – қаруы жоқ ешқандай агрессия көрсетпеген қарапайым адамдар.
Бас прокурор 5 қаңтар күнгі мәжілістегі Қаңтар тыңдауы кезінде 238 адамның 151-і – Алматыда қаза болғанын айтты. Ол 238 адамның 142-сін "төтенше жағдай режимін бұзғандар" деп атады. Марқұмдардың 67-іне "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айып тағылған. 4 адам "басқа да қылмыс жасау кезінде өлген".
"Ең көп адам - 151 адам Алматы қаласында қаза болған. Көбі президент резиденциясына шабуыл кезінде [өлген]. Осыған ұқсас адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Таразда болды" деді бас прокурор.
Асыловтың айтуынша, Қаңтар оқиғасы бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалған. Басым бөлігін (адам өлімі, ұрлық-қарлық, қару-жарақ ұрлау т.б) ІІМ тергеген. Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздік, терроризм, азаптауға қатысты 720 қылмыстық істі тергеген. Оның айтуынша, осы істер аясында "тыйым салынған экстремистік топтың 25 мүшесі", "ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі" ұсталған. Одан бөлек, "күдіктілер арасында деструктивті діни ағымның 8 жақтаушысы бар" деді Асылов.
Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік бойынша күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары бар.
Сарапшылар кемінде 238 адамның өмірін Қаңтар қантөгісінен бері бір жыл өтсе де, Қаңтардың негізгі сұрақтарына жауап табылмады деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ресми Астана Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан.