"Қаңтар оқиғасы кезінде басы кесілгендер болған жоқ". 5 қаңтарда мәжіліс қабырасында журналистердің сұрақтарына жауап берген бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.
"Қаңтар оқиғасы басталған кезде әр түрлі ақпараттар шықты, арасында жалған ақпарат та болды. Сегіз қалада көп ғимарат жанып жатты, әкімдіктер өртеніп жатты. Әр түрлі дереккөзден әртүрлі ақпараттар түсті. Арасында дұрыс емес ақпараттар да болды. Сол себепті біз басы кесілгендер туралы ақпаратты тексердік. Бірақ ондай тұлғаларды таппадық. Тергеу барысында толық тексердік, бірақ ондай фактіні таппадық" деді ол.
Былтыр жыл басында "басы кесілгендер" туралы ақпаратты сол кезде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Рустам Әбдірахманов та растамаған еді.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін Қазақстан билігі "басы кесілген" оқиға құрбандары жөнінде ақпарат таратқан. 10 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ отырысында "басы кесілген" күштік құрылым өкілдері туралы мәлімдеген. 6 қаңтарда "Қазақпарат" агенттігі Алматыда "басы кесілген екі полицейдің денесі табылғанын" жазды. Ресейдің кремльшіл ақпарат құралдары да мемлекеттік "Хабар" телеарнасына сүйене отырып, басы кесілген құқық қорғау орган қызметкерлерінің мәйіті табылғанын хабарлаған.
Былтыр қаңтарда Тоқаевтың "Алматыға 20 мың террористің шабуылдағаны" туралы Twitter'дегі жазбасы жоғалып кеткен. Ізінше билік мұны жоққа шығарды. Маусым айында 20 мың террорист жайлы мәлімдемесіне түсініктеме берген Тоқаев: "20 мыңға қатысты, бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген" деген еді.
Былтыр жыл басында халықтың өмір сүруінің нашарлауынан туындаған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан кезде Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріс" жасау талпынысы туралы айтқан. Билік "дайындықтан өткен содырлар" туралы айтқанмен оған дәлел келтірмеген. Дәлел болмаған соң, сарапшылардың көбі Қазақстан билігі келтірген ресми нұсқаға күмәнмен қарайды.