6 қаңтарда Ақтөбедегі “Нұр Ғасыр” мешітінде Қаңтар құрбандарына құран бағышталды. “Думаш” мейрамханасында 300-ге жуық адамның қатысуымен ас берілді.
Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Ләззат Оразбаеваның сөзінше, асты азаматтық қоғам өкілдері ұйымдастырған. Әкімдік оған араласпаған. Бірақ сөз алғандар әкімдікке алғыс айтып, “осы асқа рұқсат берген жүректі, мейірімді басшыларымызға рахмет” деп жатты.
Асқа жиналғандарға жол бастап, жөн көрсетіп жүрген Адайбек есімді азамат Азаттыққа “бұл шара президент әкімшілігінің тапсырмасымен ұйымдастырылды” деп қысқа қайырды.
Сөз алғандар жұртты ынтымақ пен бірлікке шақырып, Қаңтарда оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровты еске алды. Бірақ оның қазасына ешкімді айыптаған жоқ.
Өзін таныстырмаған бір азамат “Қаңтарда агрессия көрсеткен жастар имамның айтқанын тыңдап, Құранға ғана ұйыды” десе, ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов “Отыз жылда талай қантөгіс болды. Одан сабақ алмадық. Қаңтар оқиғасы санамызға сілкініс жасады. Сең орнынан қозғалды” деді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаров 7 қаңтар таңсәріде демонстрантттарды күштеп тарату кезінде оққа ұшқан, ал Файзулла Нұргелдин алаңда оқ тиіп, екі айдан соң қайтыс болды. Олардың өліміне қатысты істер "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған.
Бұған дейін Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, азапталдым деген азаматтардың арыз-шағымы қаралмай жатқаны айтылған еді.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған 21 адамның қылмыстық ісі сотқа жеткен. Қазір Ақтөбе соты 18 азаматтың ісін қарап жатыр. Шілдеде сот «Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген.