Қазақстанда Қаңтар қантөгісін еске алып жатқан шақта 7 қаңтарда бірнеше қалада кемінде бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды.
Бұған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілдері 7 қаңтарда Алматы, Астана, Шымкент және өзге қалаларда Қаңтар құрбандарын еске алу үшін жиналатынын хабарлаған. Сенбі күні Алматыда белсенді Айдар Мүбәраков, Әсет Әбішев және Бибігүл Иманғалиеваның ұсталғаны хабарланды.
Белсенді Әсет Әбішев түстен кейін полициядан шыққан соң видео жариялап, өзін бөлімшеде 4 сағат заңсыз ұстағанын, бір қызметкердің өзіне "сес көрсеткенін" айтты. Ол қызметкердің үстінен шағым түсіретінін айтты.
"[Бүгінгі ұстауды] саяси қудалау деп білемін. Бізге Қаңтарда қаза болғандарды еске алып, дұға бағыштауға мүмкіндік бермеді. Оған қоса, бізді қандай да бір әрекеттерге арандатпақ болды. Мұндай нәрселердің жолы кесіліп, жазалануы керек" деді белсенді Фейсбук желісінде.
Ақпаратқа қарағанда, Айдар Мүбәраковты полиция бөлімшеге жеткізбей босатқан.
Ал Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, оны полиция 7 қаңтарда күндіз сағат 11-де ұстап, түстен кейін 4 шамасында босатқан. Өзінің айтуынша, полиция қызметкерлері "телефонын тартып алған", "тәркілеу хаттамасын толтырмаған". Белсенді мұны ұрлыққа теңеп, полиция әрекетін айыптады.
Азаттық тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласқанда сауалдарды WhatsApp желісі арқылы жолдауды өтінген. Әзірге сауалдарға жауап түспеді.
"Власть" сайты Астанада Қаңтар құрбандарын еске алмақ болған төрт белсендінің Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында ұсталғанын хабарлаған. Солардың бірі Венера Жанбаеваның айтуынша, оны Байқоңыр полициясында "үш сағаттан артық уақыт ұстап, психологиялық қысым жасаған, балағаттаған". Ол полицияның әрекетіне шағымданатынын айтты.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі және Байқоңыр аудандық полиция басқармасының телефоны тұтқасын көтермеді.
7 қаңтарда Оралда да екі белсенді Бекболат Өтебаев пен Орынбай Оқасов ұсталған. Олар Қаңтар құрбандарын еске алу үшін орталық алаңға бара жатқан жерінен ұсталған. Полиция әзірге, түсініктеме бермеді. Ақпаратқа қарағанда, Оқасов босатылған. Өтебаев жөнінде ақпарат жоқ.
Екі күн бұрын да полиция Алматыда Қаңтар құрбандарын еске алмаған болған "Демпартияның" бірнеше белсендісін ұстаған еді. Полиция белсенді Абзал Достияровты бөлімшеге 4 жасар қызымен бірге әкеткен. Ізінше құқық қорғаушылар полицияның әрекетін айыптап, бала құқығын бұзған полицейлерді жазалауға шақырды.
- Былтыр қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған бейбіт митинг кейін елде жаппай тәртіпсіздікке ұласқан еді. Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болғанын", тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар "шетелде дайындықтан өткен террористер" болғанын айтқан. Қазақстан басшысы ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, елге осы ұйымның әскерін кіргізді және орган өкілдер мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Бірақ сарапшылар билік әлі күнге дейін "террористік шабуыл" жайлы мәлімдемесін дәлелдей алмағанын айтады.
- Ресми Астана Қаңтарды халықаралық дәрежеде зерттеу туралы құқық қорғау ұйымдарының ұсынысынан бас тартқан.