Лондон Украинадағы әскери қылмыстар туралы конференция өткізеді

Доминик Рааб

Ұлыбритания биыл наурызда Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде жасалған әскери қылмыстар туралы халықаралық дәрежеде талқылау өткізеді.

Көптеген елдің әділет министрлері шақырылатын конференцияға Ұлыбритания әділет министрі, британ үкімет жетекшісінің орынбасары Доминик Рааб Нидерландыдағы әріптестерімен бірге жетекшілік етеді, деп жазды сенбі күні DPA агенттігі.

Ақпаратқа қарағанда, жиында халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Ханның әскери қылмысты тергеудегі әлем қауымдастығының рөлі және тергеу нәтижесі туралы есебі тыңдалады.

Ресей қыс кезінде Украинаның энергетика нысандарын атқылап жатыр. Соның кесірінен Украина қалалары мен елді мекендері жарық, жылу, сусыз қалған. Конференцияның өтетіні осындай хабарлар жиілеген шақта жарияланды.

Прокурор Карим Хан қазіргі кезде Киевтің Ресей әскері үстінен түсірген шағымдарын тергеп жатыр. Украина билігінің айтуынша, 11 айға созылған әскери қимылдар кезінде басқыншы армия бейбіт халықты өлтірген, азаптаған, зорлық-зомбылық көрсеткен. Ресей әскерінің азаматтық инфрақұрылымды атқылауын да Киев әскери қылмыс деп бағалап отыр.

"Ресей әскері әрекеттерінің жазасыз қалмайтынын түсінуі керек және әділет орнамайынша Украинаны қолдай береміз" деді Доминик Рааб.

  • Ресей билігі әскерінің Украинадағы бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға шабуыл жасағанын мойындамайды. Ресей қорғаныс министрлігі энергетика нысандарына жасалған соққыны украин әскерінің әрекетіне "қарымта жауап" деп түсіндіреді. Мәскеу сонымен бірге орыс әскерінің Украинадағы бейбіт халықты өлтіргенін де жоққа шығарады. Ресейде "орыс армиясы туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша көп адам сотталған. Бұған дейін Буча қырғынын тікелей эфирде талқылағаны үшін прокуратура оппозиционер Илия Яшинді 9 жылға соттауды сұраған. Желтоқсан басында Мәскеу соты Яшинді 8 жыл түрме жазасына кесті.