FT: Сарапшылардың 46 пайызы "алдағы он жылда Ресей ыдырауы мүмкін" деп есептейді

Халықаралық саясат пен экономика саласындағы 167 сарапшының жартысына жуығы Ресей алдағы 10 жыл ішінде ыдырып, оның орнында тәуелсіз республикалар пайда болуы ықтимал, не болмаса "Ресей мемлекеттік институттары жұмыс істемейтін мемлекетке айналуы мүмкін" деп санайды. Бұл сауалнаманы Вашингтонның Atlantic Council ("Атлантика кеңесі") сараптама орталығы жүргізген, қорытындысын Британияның Financial Times газеті жариялаған.

Сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы Ресейде революция, азаматтық соғыс немесе дезинтеграция нәтижесінде саяси дағдарыс болуы мүмкін деп есептейді. Еуропа сарапшылары америкалық сарапшылардан да пессимист болып шыққан: олардың 49 пайызы "Ресей ыдырайды" деп санайды.

Респонденттердің 14 пайызы Ресей алдағы 10 жылда ядролық қару қолдануы мүмкін деген тұжырымға келген. "Адағы он жылда Ресей ыдырайды" дейтін респонденттердің 10 пайызы "Ресей ыдыраған соң автократиялық елдердің көпшілігі демократиялық жолға түседі" деп болжаған.

"Атлантика кеңесі" директорының орынбасары Петер Энгельке Ресей туралы түрлі болжамға оның Украина басып кіргені және оған салынған санкциялар ықпал еткенін айтқан.

Респонденттер "Иранда ядролық қару пайда болады, Қытай Тайваньға шабуыл жасайды, климатты қорғаудағы жаһандық ынтымақтастық күшейе түседі" деген де ұйғарымға келген. Олардың ойынша, АҚШ алдағы он жылда әскери және ғылыми технология саласында жетекші рөлін сақтап қалады, бірақ өзге де ойыншылардың халықаралық аренадағы рөлінің күшейе түсуіне байланысты Американың саяси және экономикалық гегемониясы біртіндеп төмендейді деп санайды.

"Атлантика кеңесі" — 1961 жылы НАТО құрған сараптама орталығы. Орталық жаһан саясаты мен экономикасын зерттеумен шұғылданады.