Украина қарулы күштері 11 қаңтар кешкі хабарламасында Соледар қаласы үшін шайқас жүріп жатқанын жазды. Ал Ресей қала орыс әскерінің бақылауына өткенін хабарлады. Украина қарулы күштерінің жазуынша, "қарсылас жақ Соледар қаласын бақылауға алып, украин армиясының бөлімшелерін жабдықтау жолдарын бітеп тастағысы келеді, бірақ көп шығынға ұшыраған, шайқас жүріп жатыр".
Украина президенті Владимир Зеленский кешкі видеомәлімдемесінде ресейлік "пропагандистердің" қаланы басып алғанын мәлімдей бастағанын, осылайша "мобилизацияны қолдап, агрессияны қуаттайтындарға дем бергісі келетінін" айтқан.
"Бірақ шайқас жалғасып жатыр. Донецк бағыты шыдас беріп жатыр" деді Зеленский.
Ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожин 11 қаңтарда кешке Соледар орыс әскерінің толық бақылауына өткенін хабарлады. "Вагнер" жетекшісінің сөзіне қарағанда, ұрыс кезінде 500 украин әскері өлтірілген-мыс, кейбірі берілген.
Жуырда әлеуметтік желілерде қаладағы шахталардың бірінде жүрген Пригожиннің суреті мен видеосы пайда болды. Владимир Путинге жақын кәсіпкердің айтуынша, Соледарға "Вагнер" жасағы шабуылдаған. Ал Ресей қорғаныс министрлігі таңертеңгі хабарламасында қаланы Ресей армиясының десантшылары шабуылдағанын айтты.
Соғыс кезінде тараптардың ақпаратын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
CNN телеарнасы Соледарға жақын маңда түсірілген сюжет көрсетті. Журналистер тілдескен украин әскері қала орыс әскерінің бақылауына өткенін терістеді, бірақ қалада жағдай өте күрделі екенін айтты. CNN сөйлескен мамандардың бірі Ресей әскерінің қаланы тұтас қоршап алуға тырысып жатқанын айтты.
Егер орыс әскері Соледарды басып алса, бұл былтыр жазда басып алынған Лисичанскіден кейінгі орыс әскерінің бақылауына өткен тағы бір ірі елді мекен болмақ. Әскери сарапшылардың айтуынша, Соледардың стратегиялық маңызы жоқ, алайда бұл орыс армиясына көрші Бахмутты алуды жеңілдетуі мүмкін.