Сенат регламентінен "құрметті сенатор" атағы алынды. Қазір мұндай атақ жоқ. 12 қаңтарда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген сенат спикері Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Үш жыл бұрын наурызда отставкаға кететінін мәлімдеген соң Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілген еді.
– Осыдан екі-үш апта бұрын сенаттың регламентіне тиісті өзгерістер енгізілді. Сол кезде "құрметті сенатор" атағын регламенттен алып тастадық. Қазір бізде ондай институт жоқ. Шешім қабылдаған себебіміз – былтыр маусымда өткен референдумда Конституциядан тұңғыш президент елбасына қатысты нормалар алынып тасталды. Бұл халықтың шешімі. Ертең тұңғыш президент туралы заңның күші жойылайын деп жатыр. Конституциялық соттың тиісті шешімі бар. Соны ескеріп, біз де регламенттен алып тастағанбыз. Сол себепті бұл жерде ешқандай сұрақ болуы мүмкін емес, - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның сенаты тарихында "құрметті сенатор" атағы тек экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевта ғана болған. "Сонда бұл атақ Назарбаев үшін арнайы шығарылған ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Әшімбаев нақты жауап бермеді, бірақ "түсінікті ғой бәрі" деп солай екенін "растады".
Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруді 2019 жылы наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. Сол жылы мамырда сенат бюросының мүшелері ұсынысты түгел қолдаған. Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді.
Осы аптада Қазақстанның Конституциялық соты бір топ депутаттың өтінішін қарап, "Тұңғыш президент - Елбасы" заңының күшін жойған.
- 2000 жылы қабылданған "Тұңғыш президент – Елбасы заңы" елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына көп басымдық береді. Заңға сай, Назарбаев пен оның отбасы мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, қамалмайды, мүліктері тәркіленбейді, шектеу қойылмайды.
- "Тұңғыш президент" заңында Назарбаев және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің "банктік шоттарының құпиялығына және банк шоттарына тиіспеуге кепілдік берілетіні" жазылған. Қоғамда "Елбасы заңын" жеке басқа табыну деп сынға алғандар көп болған.
- Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреді, ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейді дейді. Тоқаев өз сөздерінде Назарбаев пен оның айналасын сынға алып, Назарбаевтың жақындарын қызметтен алған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі депутаттық мандатын тапсырып берді. Экс-президентің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевтар әулетінің құдасы Қайрат Боранбаев "ақша жымқыру" айыбымен қамауға алынды.