"Коммерсантъ": Кремльдегілер Путинді 2024 жылғы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынуға дайындалып жатыр

Ресей басшысы Владимир Путин және президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Сергей Кириенко

Кремльде 2024 жылы өтетін президент сайлауына дайындықты бастап кеткен. Ресей президент әкімшілігінің шенеуніктері соғысқа қарамастан сайлау уақытында – келесі жылдың наурызында өтеді деп үміттенеді. Бұл жөнінде Кремльге жақын дереккөздерге сүйенген ресейлік "Коммерсантъ" басылымы жазды.

2020 жылы қабылданған Конституцияға енгізілген өзгерістер Путиннің президент мерзімін "нөлге теңестіріп", оған 2024 жылы және 2030 жылы өтетін сайлауларға қатысуына мүмкіндік берген. 2000 жылдан бері президент болып келе жатқан Путиннің өзі (2008-2012 жылы үзіліс болған) сайлауға қатысатыны туралы әзірге ештеңе демеді.

"Идеологиялық мазмұны әзірге белгісіз, десе де ол бірлік тақырыбына негізделеді деп айтылады" деп жазды басылым.

Кремльдегілер 2023 жылғы аймақ сайлауында түрлі технологиялар мен идеяларды сынап көрмекші. Басылым тілшілері Украинадағы соғысқа қатысқандар мен туыстарына көңіл бөлінетінін, одан бөлек жуырда аннексиялап алған Украинаның төрт облысындағы электоратпен жұмыс істеуге ниеттеніп отыр.

"Верстка" басылымы да жуырда Кремль 2024 жылғы президент сайлауына дайындықтың жаңа фазасына өтті деп хабарлаған. Аймақ басшыларына алдағы уақытта шешілуі тиіс тұрғындар үшін ең маңызды мәселелердің тізімін жасауды тапсырған. Бұған қоса, "әлеуметтік желідегі көңіл-күйді бағалап, оларды жақсартуды" тапсырған. Путиннен бөлек, сайлауға қатысатын тұлғалар мемлекеттік думадағы партиялардан шығарылуы мүмкін деп айтылады. Олардың барлығы соғысты қолдайды.

"Верстка" басылымы сонымен бірге құпия дереккөздерге сүйене отырып, Кремль қыркүйектегі сайлау алдында аймақ басшыларына Украинада соғыс жүріп жатқан аймаққа барып қайту жөнінде нұсқаулық түскен. Мұндай кеңес сайлауға түсетін аймақ басшыларына айтылған.