Бүгін, 16 қаңтарда Қырғызстан астанасы Бішкектің Октябрь аудандық соты қазақстандық белсенділер Асхат Жексебаев пен Диана Баймағамбетованы сот залынан босатты. Судья Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткен екі белсендінің ісін тоқтатты. Баймағамбетова мен Жексебаевты Қазақстаннан барған белсенділер Бесжан Төлеубекұлы пен Дидар Қайыров күтіп алды.
– Бізге тағылған "Шекараны заңсыз кесіп өтті" деген бапта "шекараны бұзғандар босқын мәртебесін сұрап келген болса жазадан босатылады" деген ескерту бар. Соның негізінде бізді босатты. Біз босқын мәртебесін сұрадық. Өтінішімізді тіркеді. Енді не боларын көреміз, – деді сот залынан шыққан Асхат Жексебаев Азаттыққа телефон арқылы.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Прокурор үкімге разы болмаса, 10 күн ішінде шағым түсіре алады.
Асхат Жексебаев пен Диана Баймағамбетованы Қырғызстанға былтыр қазанның аяғында барған. Қырғыз билігі оларды шекарадан заңсыз өткен деген күдікпен ұстап, 30 қазанда екі айға қамаған. Содан бері Бішкек қаласының изоляторында қамауда отырды. Екеуі де денсаулық жағдайы қалыпты екенін айтады. "Тек қан қысымым ара-тұра көтеріліп жүр" деді Жексебаев.
– Қазақстанда заң аясында өмір сүру үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға тырыссам да одан ештеңе шықпады. Билік бізбен диалог орнатпайды. Шоттарымды бұғаттап тастады, жұмыс істей алмағандықтан амалсыз кеттім, – деді Асхат Жексебаев.
Диана Баймағамбетова пікір білдіруге құлық танытпады.
50 жастағы Асхат Жексебаев пен 30 жастағы Диана Баймағамбетова 2021 жылы қазанда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" атты ресми тіркелмеген қозғалыстардың жұмысына араласты деген айыппен сотталған 13 белсендінің қатарында. Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, ел аумағында тыйым салған бұл екі ұйымды Еуропарламент өз қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Қазақстан соты Жексебаевқа бес жыл түрме жазасын кесіп, Баймағамбетованың бостандығын екі жылға шектеген. Баймағамбетова жазасын толық өтеді. Жексебаев былтыр мамырда шартты жазамен бостандыққа шығып, пробация бақылауында жүрген. Қазақстандық құқық қорғаушылар Асхат Жексебаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қырғызстан саяси баспана сұрамақ болған ҚДТ-ның екі белсендісін қамады Алматыда 13 белсендіге сот үкімі шықты. Ақталып шыққаны жоқБір топ азаматтық белсенді "Көше партиясына" шыққан шешімді қайта қарауды сұрады"Күн көзі түспейді". Абақтыдағы қос белсендімен сұхбатБиліктің "ұртоқпағына" айналған 405-бап